Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

"Қызылқоғадан" қол үзіп көрген емеспін

Аудандық газет халықтың қалың ортасындағы бұқаралық ақпарат құралы. Газет – көпшіліктің көзі мен құлағы. Күнделікті жаңалықты, ел-жұрттың қам-қарекетін, тыныс-тіршілігін, неден ұтып, неден ұтылып келе жатқанын, басшының да, қосшының да шаруашылықты, әлеуметтік, мәдени ортаны басқарып, жүргізудегі кем-кетіктерін оқып, біледі.

Бұл тұрғыда «Қызылқоға» газетінің редакциясы өз міндеттерін абыроймен, байыппен орындап келеді. Өз басым мектептегі, жоғары оқу орнындағы кезеңдерде де оқырман болғанымды былай қойғанда, осы басылыммен жарты ғасырдан едәуір астам уақыттан бері қадамдас, ниеттес болып келемін. Мені үлкен жолға салған осы редакция.

Сөз жоқ, газет редакциясының ұжымы қазіргі таңда білікті жас кадрлармен, тәжірибелі журналистермен толығып, қанатын кеңге жая түсті. Басылым беттерінде жаңа айдарлар, ұстамды материалдар, орайлы ойлар, өзекті мәселелер көрініс тауып, ауданды алға жетелеуге ықпал етіп келеді. Өмір болған соң жетістіктермен қатар кемшіліктер де кездеспей тұрмайды. Соны газет дер кезінде көре білуі, ескерте білуі керек. Ол біреулерді мұқату үшін емес, мін-мүлтікті түзету үшін, ат үстіндегілерге ой салу үшін қажет. Бұл басқа дәнеңе де емес, бейқамдықтан құтқаруға бағытталған ізгі ниет, ілкімді тәсіл болып табылады.

Соңғы кезде «Бұқара үні» деген айдар пайда болды. Ауыл әкімдеріне сауал тастап, олардан шым-шымдап сұрап көп нәрсені айқындайды. Сұхбат берушілердің жетегіне еріп кетпей тосын сұрақтар қойып, иланымды жауап алуға қол жеткізеді.

Мәселен, биылғы қазанның 8-індегі (№41 (7193) «Бүйректң мұңы бес батпан» атты Көздіғара ауылдық округінің әкімі А.Ақбалашұлы мен журналист Әйгерім Байдәулеттің жартысы мақала, жартысы сұхбат түрінде берілген материалында көп жайт ашық ортаға салынған. Ауыз су тапшылығы, оқушылардың интернетке мұқтаждығы, елді мекендердегі күйкі тірліктер хабардар етілген. Қазанның 29-ындағы «Сақалды құрылыстар» қашан бітеді» деген Қарабау ауылдық округінің әкімі Қ.Қайруллинмен сұхбат кезінде де журналист Әйгерім Байдаулет бір топ тұрғынның үй құжатын ала алмауын, қаңыраған ғимараттың, жыры таусылмаған «сақалды құрылыстардың» жай-күйін аша білген. Әкіммен сұхбаттасқанға дейін журналистің мақала, корреспонденция сипатындағы түсінігінен соң қойылған онға тарта сауалдан көп жайға қанығуға болады.

Газеттің осы санының 5-бетіндегі Тасшағыл ауылдық округінің әкімі Г.Ізімовамен сұхбаттасу да сол алдыңғы тәсілмен берілген. Бұл жолғы бір ерекшелік ауылдағы мән-жайды ашып, алдыңа алақандағыдай жайып салатын өткір сұрақтар көп. Оған берілген жауаптар да тұщымды. Қазір ең бір алаңдатарлық жағдай – әлемді жайлаған коронавирус пандемиясымен күрес. Бұл газеттің тұрақты тақырыбына айналуы қуантады. Басылымның шілденің 23-індегі санында «Қаңқу сөздің дүрбелеңіне еріп, дүрлікпейік» деген тақырыппен айқарма бет беріп, халықты пандемия кезіндегі дерексіз дәйектерден, алып қашпа сөзден аулақ болуға шақырып, ақиқатқа көздерін жеткізуге мүмкіндік жасайды. Ал шілденің 30-ындағы нөмірінде ақын, журналист Дулат Ғұбайдуллиннің «Қазақ пен коронавирустың айтысы» атты бір беттік өлеңі қызықты, тартымды. Оқымасыңа қоймайтын дүние. Газеттің қымыз, шұбат тәрізді ұлттық сусындарды, қазақтың салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттауы да көкейге қонады. Журналист Нұрсәуле Жауынбаеваның «Сәлем салу – салтымыз» деген корреспонденциясы жып-жылы жазылған. Жас келіндердің сәлем салуы, иіліп инабаттылық көрсетуі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр екенін нақты мысалдармен әдемі жеткізген. Жат ағыммен күрес жайы да басылымның қағас қалдырмаған тақырыбы.

Бүгінде аудан халқы Ойыл өзенінің құрғап қалуына байланысты дабыл көтеруі заңдылық. Бұл бағытта өзеннің бастау тұстарына экспедиция ұйымдастыру, Ақтөбе облысымен бірлесе отырып осы мәселені талқылаған онлайн-конференция өткізу, оған Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің өзі бас болып қатысуы құрмеуі қиын түйінді мәселені шешуге ұмтылыс деп түсіндік. Осы орайда газет көлемді материалдар жариялап, жұртшылықтың пікірлерін ортаға салып келе жатқаны өте орынды-ақ. «Қыл үстінде тағдыры Ойылымның» (17 қыркүйек), «Өр суы қайтсек тасиды» (15 қазан), «Қиылдың бойы нар қамыс» (22 қазан) және басқа да мақалалар, сұхбаттар, сыни түйіндер, көтерілген дабылдар өмірдің өз қажетіне, өз ағымына орай туындап отыр. Ондағы айтылғандардан қорытынды шығаруға жұмыстану кезек күттірмес міндет болады деген ойдамыз. Газеттің де, қалың оқырманның да, аудан жұртшылығының да айтпақ ойлары осыған саяды.

Әрине, Қызылқоға өңірімен өмірлес, өзектес аудандық газеттің тақырып ауқымы кең. Оның бәрін талдап, саралау мүмкін емес, ол менің міндетіме де жатпайды. Сондықтан бірер ай төңірегіндегі сандарын шолып, қажетке жарап қалар деп өз пікірімді ортаға салдым. Ауданнан шалғайда тұрсам да бұл газеттен қол үзіп көрген емеспін. Қалаға қоныс аударып кетсем де қырық екі жылдан бері почта арқылы жаздырып алып, бірде-бір нөмірін қалдырмай оқимын. Онда туған ауданымның тынысы бар. Онда ел-халқымның жүрек лүпілі, қан тамырының соғысы бар.

Демек, мен үшін «Қызылқоға» газеті аса қымбат. Оны күнделікті серігі етіп, жаздырып алғаннан ауылдағылар да, қаладағы жерлестер де, ешкім де ұтылмайды. Қайта рухани жағынан байи түседі.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

жазушы-публицист,

Қызылқоға ауданының құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521