Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аймақтарға жұмыс сапары аясында Атырау облысына барып, өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту, су шаруашылы нысандарын реконструкциялау және дамыту жобаларын іске асыру барысымен танысты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жайық өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан түп тереңдету жұмыстарын көрсетті. Су ресурстары және ирригация министрлігі маңызды жобаны іске асыруға қолдау көрсеткен болатын. Бүгінгі таңда Жайық арнасы мен өзектерінің 33 шақырымында тереңдету жұмысы атқарылды.
Дәл осындай түп тереңдету іс-шаралары Қиғаш өзені мен оның салаларында да жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Понкрашино, Линевый, Баткашный және Сафоновка арналарында жалпы ұзындығы 63 шақырым тереңдету жұмысы іске асырылды.
Басты мақсат – Жайық пен Қиғашта балық санын көбейту, олардың еркін қозғалысы мен уылдырық шашуына жағдай жасау, балық қорын сақтау және өзен арнасын тереңдету арқылы мелиорация жұмыстарын жүргізу болып табылады.
«Бұл өте маңызды және қажет жұмыс. Жергілікті жауапты мекеме басшылары түп тереңдету жұмысын жүйелі түрде әрі жауапкершілікпен атқаруы керек. Министрлік өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Себебі, Жайық өзенінің сағасы қатты лайлануына байланысты кеме қатынасы қиындай түскен. Өзеннің таяздануы Каспий теңізінен келетін балықтардың қозғалысына да кері әсер етіп отыр», – деді Нұржан Нұржігітов.
Нұржан Нұржігітов Құрманғазы ауданындағы Кобяково-Забурунье каналын реконструкциялау барысын көрді. Жоба ауданда сумен жабдықтауды жақсарту, табиғи жайылымдарды суландыру үшін іске асырылып жатыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Құрманғазы және Исатай аудандарының төрт түлік малына су ішетін орындар пайда болады. Қос ауданда 70-ке жуық шаруа қожалығы бар.
Сондай-ақ, министр Құрманғазы ауданында Қиғаш магистралдық су ағызғысының бас су сорғы станциясының жұмысымен танысты. Мекеме Атырау және Маңғыстау облыстарын ауыз сумен, сондай-ақ ірі кәсіпорындар мен мұнай өндіруші компанияларды сумен қамтамасыз етіп отырған маңызды нысан. Су сорғы станциясы қолданысқа берілгелі күрделі жөндеуден өтпеген. Сол себепті кешенді реконструкция мен жабдықтарын жаңартуды қажет етеді. Нұржан Нұржігітов министрлік бұл мәселені өз бақылауына алып, жергілікті атқарушы органдармен бірге шешу жолдарын қарастыратынын мәлімдеді.
Одан кейін, Махамбет ауданындағы Бақсай каналын жөндеу жұмыстарымен танысты. Канал Махамбет және Исатай аудандарының егістіктері мен жайылымдарын сумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда каналдың 20 шақырымы тазартылып, су қабылдайтын бассейнге бетон қоспасы құйылды. Жоба аясында қосымша тағы екі су сорғысын орнату жоспарланып отыр.
Нұржан Нұржігітов Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Қазсушар» РМК Атырау филиалының ұжымымен кездесті. Кездесуге облыстық әкімдік өкілдері, жауапты мекеме басшылары мен сала ардагерлері де қатысты. Жиында тұрғындарды тұрақты түрде сапалы ауыз сумен қамту, жерасты суларын игеру, маман даярлау және басқа да мәселелер талқыланды. Министр «Қазсушар» мекемесіне жергілікті атқарушы органдармен кері байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды.
«Өңірде су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырып жатыр және мемлекет тарапынан қолдау бар. Сол себепті барлық жобаларды бақылауда ұстап, бөлінген қаражатты уақытылы игеруді қамтамасыз ету қажет. Барлық жұмыстың мерзіміне сай әрі сапалы орындалуы маңызды», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.