Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жұмысқа жүйелі тәсіл керек

Атырау облысының әкімі жолда жүру қауіпсіздігі мәселесі туралы селекторлық жиналыс өткізді, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Селекторлық жиналысқа аудан әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат хатшылары, жауапты мекемелер мен ведомстволық бағынышты ұйым басшылары қатысты.

Күн тәртібінде – жол қозғалысы қауіпсіздігінің басты проблемалары. Полиция департаментінің басшысы Берік Амангелдінің айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аймақта жол көлік оқиғаларының саны 31,7% -ға артқан, сондай-ақ, жол көлік оқиғаларынан зардап шеккендер көрсеткіші 49,5% өсіп отыр. Бірақ апат салдарынан көз жұмғандар 7,8%-ға, яғни 51-ден 47-ге азайды. ЖКО қалааралық және республикалық маңызы бар жолдарда тіркелген.

-Жол көлік оқиғаларына жүргізушінің жылдамдықты арттыруы, қарсы жолаққа шығуы және әуесқой автомобильшілердің біліктіліктерінің төмендігі себеп болып отыр. Атырау облысында жыл басынан бері жылдамдық тәртібін сақтамағандарға 41 мыңнан аса хаттама толтырылып, жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды,-деді Берік Амангелді.

n

Спикердің айтуынша, облыс орталығында және аудандарда ЖКО санын азайту үшін алдын алу шаралары жүргізіліп келеді. Жаяу жүргіншілер жолына прожекторлар, жолдарға – камералар мен жылдамдық өлшеуіштер, жылдамдық бәсеңдеткіш пен бағдаршамдар орнатылды. Қалада орталық көшелерді кеңейту, оң жақты айналма жолдар салу, жаңа жол белгілерін орнату жұмыстары қарқынды жүруде. -Біз полицияны барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін қажетті қаражатты бөліп отырмыз, полиция қызметкерлерінің барлық жағдайларын жасаудамыз, бірақ бәрібір жұмыс дұрыс жолға қойылмай келеді. Әр автокөлікке патрульдік машинаны бекітіп қоя алмаймыз, демек, жұмысқа жүйелі тәсіл қолдану керек. Неге жолдағы өлім-жітімді нөлдік көрсеткішке жеткізе алмай отырсыздар? Неге адамдар ЖКО салдарынан мүгедек болып қалуы керек? Қалыптасқан проблемаларды шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырайық. Жолда адамдарға қауіпсіз жағдай жасаңыздар, - деді Нұрлан Ноғаев Полиция департаментінің басшысына.

ЖКО санының артуына әсер ететін тағы бір фактор – жүргізушілердің біліксіздігі. Облыста түрлі санаттағы жүргізушілерді дайындайтын 26 автомектеп бар, оның 18-і Атырау қаласында орналасқан. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Мұса Хайруллиевтің айтуынша, курсанттарды қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ете алмайтын автомектептер жабылуға мәжбүр, олардың білім сапасы да жоғары дәрежеде емес. -Мысалы, 2018 жылы 9671 жүргізуші куәлігі берілсе, өткен жылдың желтоқсан айында мамандандырылған ХҚКО ашылғалы бері автомектептердің түлектерінен 4419 құжат қабылданды. Соның ішінен 419 адам ғана теориядан, 93 курсант тәжірибелік дағды сынақтарынан өтті. Бұл жүргізушілерді дайындау сапасының төмендігін көрсетеді,-деді Мұса Хайруллиев.

nog3

Атырау облысының әкімі автомектептердің жұмыстарын республика көлемінде бақылауға алып, облыстағы жүргізушілер дайындайтын орталықтарды аттестациядан өткізу қажеттілігіне тоқталды. Қоғамдық көліктердің қатысы бар ЖКО санын азайту үшін автобустардың жүргізушілерін дайындықтан өткізу керек.

-Бүгінде такси жүргізушілермен қатар автобустардың жүргізушілері де жол көлік оқиғаларына жиі кінәлі болып жүр, соңғы оқиғаны ғана мысалға алсақ, ЖКО салдарынан 11 жолаушы зардап шекті. Автопарктердің басшыларына автобус жүргізушілерін жұмысқа алмас бұрын бақылауды және үнемі тексеріп отыруды тапсырамын. Қазір жолаушылар үйінен соғысқа бара жатқандай шығады, біздің автобустарымызға отырып, баратын жерлеріне қауіпсіз, аман жетулеріне алаңдайды. Жүргізушілеріңізді дұрыстап дайындаңыздар,-деді автопарктердің басшыларына Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы полиция қызметкерлеріне жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі бағытындағы жұмыстарды күшейту керектігін айтты. Жыл басынан бері жаяу жүргіншілерді жолдан өткізбегендері үшін 1962 автокөлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сурет: ӨКҚ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT