Ұлттың ұлық мерекесі Республика күні бауырлас Әзербайжан елінде де тойланды. Туыстас жұртты атаулы күнмен 900-ге жуық қонақ құттықтап келді. Қазақстан елшілігінің ұйытқысымен өткен кешке Парламент депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, дипломатиялық миссия және халықаралық ұйым өкілдері, мәдениет, қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастығы мен журналистер қатысты.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Мемлекет басшысының атынан Әзербайжанның танымал саясаттанушы мен қоғам қайраткері Фархад Мамедовке екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін екінші дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Салтанатты қабылдауда қонақтарға ұлттық тағамдар мен отандық компания өнімдері ұсынылды. Әсіресе, қонақтарды Әзербайжандық журналист пен фотограф Рустам Гасымовтың Қазақстанға арналған авторлық фотокөрмесі қызықтырды. Фархад Мамедов, саясаттанушы: "Менің еңбегімді назар аударып, бағалап, жоғары марапат үшін зор алғыс айтамын. Қазақстан мен Әзербайжан достығы жасасын! Көп рақмет! "Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы терең байланыс қос ел президенттері Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен тұрақты түрде дамып келеді. Екіжақты қарым-қатынастарға мемлекеттік құрылымдармен қатар азаматтық қоғам өкілдері, мәдениет қайраткерлері, сарапшылар қауымдастығы және диаспора өкілдері де белсенді атсалысып отыр. Әлім Байел, ҚР Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елші:
"Кейінгі кезде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық қарқынды дамып жатыр. Мұның ең айқын дәлелі ретінде, өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға үш рет, ал Ильхам Әлиевтің Қазақстанға үш мәрте ресми сапар жасағанын атап өтуге болады. Біздің елдеріміз енді тек стратегиялық серіктес қана емес, одақтас екендігін ерекше атап өтті. Біз бүкіл аймақ үшін маңызды бірнеше жобаны бірлесе іске асырып жатырмыз. Орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданатын жүк көлемі артып келеді. Шығыс пен Батыс арасындағы сандық телекоммуникация дәлізінің маңызды бөлігі саналатын Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық кабель орнатуды бастайын деп отырмыз."