Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандар назардан тыс қалмауы керек деген болатын. Мүмкіндігі шектеулі жандар әртүрлі негіздер бойынша бірнеше топқа бөлінеді. Сол топтың бірі – көз жанарынан айырылған жандар.
Аудан бойынша 105 азамат көз ауруы салдарынан мүгедектікке шыққан. Ал, оларға Халықаралық зағиптар күнінде құрмет көрсетілсе керемет емес пе?!
Осыған орай, аудандық жұмыс пен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Миялы мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ақ дастархан жайылып, зағип жандарға құмет көрсетілді.
– Жанарынан айырылған. Бұл сөзді есту қандай ауыр болса, осы бейнетпен күн кешу одан да қиын. Десе де, тағдырдың тауқыметіне қасқая қарсы тұрып, қоғамдағы өз орындарын орнықты көрсете білген жандар қашан да құрметке лайық. Көру қабілеті нашар азаматтар да біздің тең құқықты, тең дәрежелі қоғамның маңызды бір бөлігі. Біздің мақсатымыз – қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз өмір сүруіне жағдай жасау болып табылады, - деген аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали, қоғам өміріне белсене атсалысып жүрген жандарға алғысын білдірді.
Шараға жиналған қонақтар, алғыстарын білдіріп, өз өнерлерін көрсетсе, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, төл мереке иелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кәмшат ӘБІШ