Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген құзыреті шегінде 730 іс жүргізіп, жалпы сомасы 42 071,7 мың теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікті қарады.
Аталған департамент басшысының орынбасары Жалғас Букаевтың айтуынша, оның ішінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының сақталмау фактілері боынша 419 лауазымды тұлғаға 28 384,8 мың теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 46 лауазымды тұлғаға бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасау, бухгалтерлiк есепте көрсетiлуге жататын деректердi жасыру, бухгалтерлiк құжаттаманы жою фактілері бойынша 3 967,5 мың теңге және жария мүдделі ұйымдарға қатысты "Есептілікті ұсынудың бірыңғай жүйесі" ақпараттық жүйесіне қаржылық есептілікті ұсынбағаны үшін 20 заңды тұлғаға жалпы сомасы 9 719,4 мың теңге әкімшілік заң бұзушылық анықталды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енген өзгерістерге сәйкес, әкімшілік айыппұл салу қысқартылған түрде жүргізіледі. Бүгінде жалпы салынған айыппұл сомасының 40 572,0 мың теңгесі алынған шаралар нәтижесінде мемлекет бюджетіне өндіріліп, заң шеңберінде өнбеген айыппұлдар бойынша тиісті шаралар атқарылуда.
А. МҰРАТҚЫЗЫ