Елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, міндеті ауыр.
Құқық қорғау органдарының имиджін халықпен тығыз жұмыс істейтін осы сақшылардың қалыптастыратындығы анық. Кез келген учаскелік полиция қызметкері біліктілік танытып, халықпен жақсы тіл табысып, өз жұмысын тиянақты атқарса сол ауылдың төл баласындай болып кететіні біз жақсы білеміз. Міне, бүгін осындай талап үдесінен шығуды басты мақсат еткен, Қызылқоға ауданының полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы лауазымында, өз әріптестерімен ауызбіршілікте, ұйымшылдықпен қызметін атқарып келе жатқан полиция майоры Артур Боранғалиұлының рәтті еңбегін әңгімемізге арқау етпекпіз.
Артур Боранғалиұлы Қызылқоға ауданының тумасы. Жергілікті жерде орта білім алған ол, жоғары білімді Атырау қаласында оқыған. Халел Досмұхамбетов атындағы Атырау университетінде «Заңгер» мамандығын меңгеріп, бала күнгі полиция боламын деген арманына қол жеткізеді. Өзінің спортқа деген ерекше қызығушылығымен самбо, дзюдо, қазақша күрес спорт түрлерінен әртүрлі республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанады. Кейіннен алғашқы еңбек жолын Жылыой аудандық Полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ретінде бастап, кейін туған өлке Қызылқоға аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы лауазымында жалғастырады. Қазір учаскелік полиция инспекторы ретінде 11 жыл абыройлы қызмет етуде. Жауапкершілігі жоғары жұмысқа бел шеше кірісетін кәнігі маман, қай қызметте болсын қырағылығымен танылып, басшылар тарапынан марапаттарға ұсынылып отырған, бірнеше қызметкердің тәлімгері.
— Полицей – біліктілігі мен білімі жоғары, әрі тәжірибелі болуы керек. Сондықтан жас полицейлер алдымен тәжірибе жинағаны дұрыс. Халыққа қызмет ету жүрекпен атқарылатын жұмыс. Сондықтан әрдайым халыққа жақын болып, мәселелерін дер кезінде қарап, шешім шығарып отырғаны жөн — дейді ол.
Полиция майоры әнге әуес болып өсіп, сол қызығушылығы үлкен белестерге, жеңістерге жеткізген. «Кішкентайымнан ән шырқағанды жаным сүйетін. Бірақ, ер жете келе мамандық таңдауға келгенде өмірімді өнер немесе спорт саласына емес, ел тыныштығына арнап, бұл күнде ішкі істер қызметінде қызмет етемін. Жаным жайсаң болса да, мінезім мықты», дейді ол. Өмірі өнер мен спортқа жақын полиция қызметкерін барлығы ауданның мерейлі отбасының бірі деп біледі.
Артур Боранғалиұлы бос уақытын отбасымен өткізеді. Өсіріп отырған төрт ұл, бір қызы әкесінің жұмыстан қайтқан уақытын тағатсыздана күтіп отырады. Жұбайымен бірге әрдайым балаларының сабақтарын бақылап, тәрбиесін қадағалап отырады. Ұлдары әкесінен қарап бой түзесе, қызы тәрбиесінен тәлім алуда.Әрине, қоғамдық тәртіпті қадағалап, ел тыныштығын күзете жүріп, отбасындағы бірлік пен тыныштықты сақтап жүру – әркім көтере бермейтін жауапты іс.
Ел мүддессін биік қойған тәртіп сақшысының қызметіне деген адалдығы жауапкершілік салмағын дәлелдеп тұрғандай.Бұл құндылық әрбір полицейдің бойынан табылуы тиіс қасиет.
Айша Талапкер, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Атырау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі