Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ӘУЛЕТ

Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге де үлгі. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен шаттығы тасыған шаңырақтың бірі – жамбылдық Теңізовтар әулеті.

Отбасының берік қазығы Ермек Теңізов пен Ұлжан Жұмашеваның ақылы дария, пайым-парасаты жоғары, құт қонақтап, бақ дарыған жандар. Қашанда қонақ үзілмейтін құтты шаңырақ бақыттың мекені іспетті. Сол себепті де, бұл отбасы – көпке үлгі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған отбасында әр сағат текке өтпейді. Шаңырақтың отанасы Ұлжан Жұмашева ісмер болса, Ермек атамыз темірден түйін түйген, нағыз еңбек адамы.

 1948 жылдың  26 маусымында бұрынғы Қаттыкөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ата-анасы ұзақ уақыт кеңшарда мал бағып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеген. Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз орта мектепті бітірген соң, көлік жүргізуші мамандығын алады. Содан көлік тізгініне отырған ол Абай кеңшарында ұзақ жыл еңбек етеді. Бұзылған көлікті лезде жөндеп  жұмысқа қосу, май-суын уақытында ауыстыру бір қарағанда оңай көрінгенімен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сол жұмысты тиянақты, аса жауапкершілікпен жасай жүріп басшылықтың марапатына да ілігеді.

«Жол азабын жолда жүрген біледі» демекші жолға шыққанда көлігің сайлы болуы қажет-ақ. Онымен қоса, қыстың ызғарлы суығымен, жаздың аптап ыстығында жүк көлігін айдау оңай шаруа емес. Қазіргідей теп-тегіс асфальт жолда жеңіл көлік емес үлкен көліктер айдаған кейіпкеріміздің еңбегі еленіп, еңбек еткен жылдарында облыстық тұтынушылар қоғамының «Мақтау грамотасымен» марапатталып, Қазақстан тұтынушылар Одағының «Үздік сатушы» төсбелгісін кеудесіне жарқырата тағады.

      Ал, жұбайы Ұлжан Жұмашеа 1948 жылы Мақат ауданы Промсол Камсамол кентінде дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң Орал қаласындағы Коорперативный техникумына оқуға түсіп, экономист мамандығын алып шығады. Еңбек жолын Абай кеңшарында жұмысшы кооператив мекемесінде экономист болып бастайды. Осы кезде ауыл азаматы Ермекпен танысып, отау құрады. Өмірге алты баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана үйдегі ата-енесінің бабын тауып, жұмыс та да зор жетістікке жетеді. Сөйтіп бір мекемеде отыз бес жыл жұмыс жасап зейнеткерлікке шығады.

Жолдасы кеңшар көлік жүргізушісі болғандықтан үйден үнемі қонағы үзілмейтін еді. Кең дастархан, ашық жарқын қабағымен келген қонағын қарсы алады. Осындай тәрбиені көріп өскен ұл-қыздары әр салада еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Қара шаңырақтағы қадірлі ата мен әже қазіргі таңда балаларынан  он бес немере-жиен, үш жиеншар сүйіп отыр. Елу жылдан аса уақыт бір шаңырақ астында тәту-тәтті өмір кешіп, балаларына өнегелі тәлім-тәрбие берген кейіпкеріміз қашанда карапайымдылығымен, басқаға болсын дейтін ақ пейілімен өзгелерге үлгі.

– Осы отбасыға келін боп түскеніме жиырма жылға  жуықтады. Екі ененің тәрбиесін көрдім. Енем қашанда ақылын айтып, маған қол қабысын тигізетін. Осы жылдары ешқашан ренжісіп, дауыс көтеріп сөзге келген емеспіз. Менің келіндік өмірімнің еш қиындықсыз, қажеттілікке мұқтаж қылмай, жұмысыма түсіністікпен қарап, оқуға кетсемде кей кездері жұмыс бабымен кеш келіп жатсамда «Қайда жүрсің? Тамағың неге дайын емес?" деп қабақ шытып көрген емес. Егемнің айтуынша оны   енесі қызындай көрген екен. Менде келіндеріме сіздей боламын деп айтып отырушы едім дейтін. Иә қазір бізге үш келініне қызындай қарайды. Ал, атам өте байсалды, бір сөзді адам. Қолы шебер. Үй ауласын гүлге орап, бау-бақша салады. Осындай ата-әжесінің тәрбиесін көріп өсіп келе жатқан балаларымыз бақытты, - дейді келіні Лаура Мақсотқызы.

Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған кейіпкеріміз құдаларының төрінен дәм татып, батасын  беріп отырады. Ынтымағы жарасқан бұл отбасында ағайын-туыс, көрші-қолаң, бауырлар бір дастархан басында жиі бас қосады. Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды. Үлкендердің үлгі-өнеге көрсетуімен бұл отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке тәрбиелейтін өзара құрмет пен сыйластық қалыптасқан. Нағыз қазақтың салт-дәстүрі мен дарқан көңілін шын ниетімен ұлықтаған шаңырақ.

Тамыры тереңге кеткен бәйтерек сынды үлкен әулеттің тыныс-тіршілігінен әке мен ананың сыйластығы, балаларына көрсеткен өнегесінің ұмытылмас ұлағатын көруге болады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі шаңыраққа бақ-береке тілейміз. Міне, татулығымен тартымды болып отырған Теңізовтар шаңырағының бүгінгі жайкүйі осындай. Барлық отбасы осындай болса, еліміздің іргесі  әрдайым мықты болмақ. Ендеше, махаббатқа толы жылы әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521