Сұрапыл соғыста майдангерлермен бірге ерен ерлік көрсетіп, жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың ішінде тыл ардагерлерінің де еңбегі орасан. Жастайынан ауыр жұмысқа жегіліп, майдан үшін күш-жігерін аямаған оларға қандай құрмет-қошемет жасаса да артық емес.
Соған сай, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалі шығарылып, ел бойынша тыл ардагерлеріне таратылуда. Бұл ретте, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Анарбек Муталяповтар аудан орталығындағы тыл ардагерлерін аралап, мерекелік медальдарды табыстады. Алдымен биыл ғасыр тойын тойлаған Ұлжан Темірболатованың үйіне бас сұққан аудан басшылары тыл ардагерінің кеудесіне мерекелік медальді тағып, аудан әкімі атынан естелік сыйлық пен белгілі ақын Маралтай Райымбектің кітабын сыйға тартты. Өз кезегінде Ұлжан әже алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Содан кейін тыл ардагерлері Аққали Әлмен, Гүлсім Шаяхметова, Салиха Нұғмановаларға да дәл осындай құрмет-қошемет көрсетілді. Қазіргі таңда, ауданда жеңісті жақындатуға үлес қосқан 48 тыл ардагері бар. Қалған ардагерлерге мерекелік медаль мен естелік сыйлықты аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали мен округ әкімдері мереке күндері арнайы барып табыстайтын болады.
Дулат БЕРІК