Жақында көршілес Ресей елінің Астрахан қаласында «Тұқымдар, өсімдіктерді қорғау құралдары, агротехнологиялар» тақырыбында ІХ көрме-конференция өтті.
«РосСельхозЦентр» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің Астрахан облысы бойынша филиалы ұйымдастырған шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев облыс делегациясын бастап барды. Ресейдің басқа өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы саласы мамандары, ғылыми мекемелердің қызметкерлері, жылыжай кешендерін, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, сондай-ақ тұқымдар мен ауыл шаруашылығы дақылдарының отырғызу материалдарын, өсімдіктерді қорғау құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, агротехнологияларды жеткізуші жетекші фирмалар қатысқан көрме-конференция қызылқоғалықтар үшін тиімді болды.
Көрмеге барған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевтің айтуынша, көрмеге Мәскеу, Санкт-Петербург, Тверь және Ресейдің басқа да қалаларынан ауыл шаруашылығы мамандары әкелген көкөніс тұқымдары, ауылшаруашылық дақылдарының жаңа сорттары, тыңайтқыштар, өсімдіктер мен техниканың перспективті құралдары қойылды. Ал, көрмеге қатысушылар бірқатар нарық жаңалықтарының куәсі болып, түрлі тауарларды жеткізуші жетекші фирма өкілдері өзара әңгімелесіп, келісімдерге келді. Мәселен, миялылық кәсіпкер Тұрлан Бекешов ресейлік жылыжай мамандарынан құнды кеңестер алып, қажетті тұқымдарға қол жеткізсе, жангелдиндік шаруагер Әнуар Аманғалиев екпе шөп өсіру бағытында тың мағлұматтар алды.
– Шаруашылығымыз үшін биыл екпе шөп егу жоспарымыз да бар еді. Сол жоспар бойынша көрмеге тұқым түрлерін, технология іздеп барғанбыз. Шарада екпе шөппен айналысатын үш фирманың өкілдерімен кездесіп, әңгімелестік. Бүгінгі күні солармен байланысып, келіссөздер жүріп жатыр. Тиімдісін таңдаған соң солардан техникалар мен тұқымдар алып, көктем шыға екпе шөп егуді бастауға ниеттеніп отырмыз, - дейді «Аян» шаруа қожалығының жетекшісі Әнуар Аманғалиев.
Көрме-конференциядан соң облыстың делегация мүшелері өсімдік шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылау бойынша өткен дөңгелек үстелге қатысты.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ