Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда көкейге қонымды біраз дүниелер айтылды. Соның ішінде маған ерекше әсер еткені – Мемлекет басшысының Отанды сүюге шақыруы.
Президент өз сөзінде:
«Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ» деді.
Сонымен қатар кейде «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген мәселе талқыланып жатады. Бұған да президентіміз нақты жауабын берді. Оның айтуынша Туды қолдану мәселесі арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. «Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады» деді Мемлекет басшысы. Осылайша құрылтайда көк Туымыздың қадір-қасиеті де сөз болды. бұл өте құптарлық дүние. Әйтпесе, Туымыздың қадірлеп үйінің терезесіне ілген кейбір жастарға тәртіп сақшылары келіп айыппұл салып кеткен кездер болды. Ол жастар негізі жаман нәрсе жасаған жоқ. Бірақ туды қолдану ережесін білмеген болуы мүмкін. Ұлттық құрылтайда сондай патриот жандарды қолдау мәселесі көтеріліп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Мен өз басым үнемі жолға шыққанда көлігімнен көк Туды тастамаймын. Туымызға, жарқыраған жолымызға, кең даламызға қарап отырып тәуелсіз ел екенімізді мақтан тұтамын.
Нұрбол ҚАЙЫРЖАН,
белсенді жас



