Бүгінгі цифрлық дәуірде күнделікті өмірімізді байланыс қызметінсіз елестету мүмкін емес. Хабарлама алмасу, бейнеқоңырау арқылы алыстағы жақындарымыздың жүзін көру, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу немесе бизнес жүргізу – мұның бәрінің артында байланыс мамандарының ерен еңбегі тұр. Олар көпшіліктің назарынан тыс қалғанымен, қоғам үшін атқарып отырған қызметтері орасан.
Байланыс – тек технология ғана емес, ол – адамдардың жүрегін жақындататын алтын көпір. Осы саладағы ірі өзгерістердің бастауында тұрған «Қазақтелеком» компаниясы бүгінде елдің цифрлық дамуына үлес қосып қана қоймай, болашақтың инфрақұрылымын құруға да белсене атсалысып келеді. Сол еңбектің алдыңғы шебінде жүрген абыройлы мамандардың бірі – «Қазақтелеком» АҚ Исатай желілік техникалық учаскесінің қызметкері Ерболат Шатхарин Заитұлы. Ол жастайынан еңбекке ерте араласып, совхозда түрлі жұмыстар атқарып шынықты. Ал 1994 жылы «Қазақтелеком» АҚ Исатай желілік-техникалық учаскесіне электромонтер болып жұмысқа кіріп, содан бері осы салада табан аудармай қызмет етіп келеді. Бүгінде Хамит Ерғалиев ауылында байланыс жүйелерін қадағалап, халыққа сапалы қызмет көрсетіп жүр.
-Алғашқы еңбек жылдары оңай болмады. Ол кезеңде ауыл-аймақтарда байланыс желілері қиындау болды. Қолда қарапайым құралдар ғана, қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында сым тарту, аппараттарды жөндеу күнделікті міндетке айналды. Бірақ халықтың байланыс желілерін тиімді пайдаланғандағы қуанышты сәттерді көргеніміз барлық қиындықты ұмыттыратын,- деді кейіпкеріміз бізбен болған әңгімесінде.
Осылайша сала маманы уақыт талабына сай жаңа технологияларды игеріп, заман көшіне ілескенін де жасырмайды.
-Интернетсіз өмірді елестету мүмкін емес. Бұрын тек телефонмен сөйлесетін едік, қазір әлем қол созым жерде. Жастардың жаңа технологияны тез меңгеретіні қуантады, ал біз тәжірибемізбен бөлісуге әрқашан дайынбыз. Байланыс – көзге көрінбейтін, бірақ ең қажетті қызмет. Байланыс үзілсе, бүкіл халықтың тынысы тарылады. Сондықтан бұл жұмыста адалдық пен жауапкершілік бірінші орында тұруы тиіс,-деп ой бөліседі.
Ерболат Шатхарин үшін ең басты қағида – халық сенімін ақтау. Бүгінде ол ауыл тұрғындарының құрметіне бөленген, кәсібіне берілген шынайы еңбек адамы. Оның табанды еңбегі – жас буынға үлгі, ал халыққа жасаған қызметі – елге деген қамқорлықтың айқын көрінісі.
Сағыныш ҚАЙЫР