Атырау облысында мемлекеттік қаржының жұмсалуын қадағалау жаңа қарқынға ие болуда. Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті енгізген «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі бюджеттік тәртіпті нығайтып, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Бұл жүйе арқылы денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және білім беру салаларындағы қаржы қозғалысы шынайы уақыт режимінде бақыланады. Мұндай тәсіл кемшіліктерді дер кезінде анықтап, қаржылық бұзушылықтардың алдын алуға жол ашады. Электронды мониторингтің тағы бір артықшылығы – аудит мамандарының мекемелерге бармай-ақ, тікелей жүйе арқылы заң бұзушылықтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдай алуы. Соның нәтижесінде артық шығындар, негізсіз төлемдер және қаражатты жымқыру деректеріне тосқауыл қойылуда. Жүргізілген бақылау барысында бірқатар заңсыз әрекеттер анықталды. Мәселен, артық есептеулер, 1С бағдарламасы арқылы қате төлемдер, бірнеше тұлға атынан бір карт-шотқа қаражат аудару және жеке сәйкестендіру нөмірлерін қате енгізу арқылы бюджетке зиян келтірілген. Нәтижесінде жалпы сомасы 90,4 миллион теңге қаржылық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 64 миллион теңгеден астам қаражат бюджетке қайта өндірілді. Білім беру саласында – 77,8 млн теңге, соның 52 млн теңгесі қайтарылды. Мәдениет және спортта – 2,8 млн теңге, түгелімен қалпына келтірілді. Денсаулық сақтау ұйымдарында – 10,5 млн теңге, соның 9,9 млн теңгесі өтелді. Бұл көрсеткіштер бюджеттік бақылаудың маңызын дәлелдейді. Әрбір теңге ел мүддесіне бағытталуы тиіс. Сондықтан да «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі – қаржылық тәртіп пен әділдікті нығайтудың сенімді құралы болып отыр. Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, бюджет қаражатының заңды әрі тиімді игерілуіне тұрақты түрде қадағалау жүргізбек.
Саягүл САПАРОВА,
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің басшысы