Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.
Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Түркістанда өңір жұртшылығымен, ақсақалдармен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесу өткізді. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасының өңірлерді дамытуға және ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға арналған блогына ерекше назар аударылды.
«Алдағы жылдардағы ел болашағын айқындайтын сайлауға бірнеше күн қалды. Оңтүстік өңірдің тұрғындары әрқашан айрықша саяси мәдениетімен ерекшеленді. Олар осы жолы да жоғары азаматтық белсенділік танытып, сайлауға барынша көптеп қатысады деген ойдамын. Бұл – еліміздің табысты дамуы үшін маңызды. Бұл – барша қазақстандықтар үшін маңызды», – деп атап өтті Республикалық қоғамдық штабтың мүшесі Елнұр Бейсенбаев.
Бұдан соң, жергілікті жылыжайлардың бірінің алаңында Республикалық қоғамдық штабының мүшелері шаруалар мен ауыл жастарына сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру шараларын түсіндірді.
Осы күні штаб мүшелері салынып жатқан Мұз сарайына барып, құрылысшылармен әңгімелесті. Шымкентте ақсақалдармен, зиялы қауым өкілдерімен және белгілі қоғам қайраткерлерімен болған кездесуде кандидаттың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» деп аталатын сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды.