Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӨТКЕН ЖЫЛЫ КӨПТЕГЕН САЛАЛАРДА ӨСІМ БОЛДЫ

«Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева мәлімдеді»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау облысының 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баяндама жасаған басқарма басшысы, өңірдегі салалардың өсім көрсеткіштеріне тоқталды.

«Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,5 трлн. теңгені құрады, нақты көлем индексі – 102,1%. Ал, тау-кен өнеркәсiбiнде 7,7 трлн. теңге сомасына өнім өндiрiлсе, өңдеу өнеркәсiбiнде өнiм көлемi 693 млрд. теңгені құрады немесе 5,5%-ға өсім бар»,-деді ол.

Сонымен қатар, А.Әжіғалиева ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 103,2% құрап немесе 114,0 млрд. теңгенің өнімі өндірілгенін жеткізді. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының көлемі де 106,2 пайызға артқан.

«Осы орайда құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша өсім Атырау қаласында және Жылыой ауданында болып отыр. Ал, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3,6 пайызға артып, 52 мың бірлікті құрады»,-деді А.Әжіғалиева.

Сондай-ақ, отырыста Қаржы басқармасының басшысы Азамат Сәлімбаев бюджеттің атқарылуы бойынша баяндама жасады.

Жиын соңында облыс әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.

«Инвестициялар тарту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп, нақты шаралар қабылдансын. Салалар бойынша барлық бағыттардағы көрсеткіштердің орындалуы бақылауда болып, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоспарланған көлемге жеткізілсін. Бюджеттік қаржының нақты игерілуіне алдын ала 2 ай бұрын мониторинг жүргізу шаралары алынсын. Жоспарланған шығыстарды уақытында игеру үшін тауарлардың, құрылыстардың, қызметтердің сапалы болуына қадағалау жасап, заң шеңберінде тиісті шаралар қабылдансын»,-деді М.Досмұхамбетов.

Сондай-ақ, өңір басшысы 2021 жылға жоспарланған нәтижелерге қол жеткізбегені үшін жауапты тұлғаларға және бюджетті тиімсіз жоспарлаған Атырау қаласының кейбір ауылдық округтерінің әкімдеріне қатысты тәртіптік шара қолдану бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар, жиында облыс әкімі жаңа тағайындалған Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевты таныстырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT