Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тұңғыш мұнай өңдеуші қазақ әйелі: Зәуре Құмарованың жолын немересі жалғастырып жүр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытының архивінде 20 мыңға жуық адамның жеке іс қағазы сақталған. Соның бірі – еңбек жолын электр дәнекерлеуші болып бастаған Зәуре Құмарованың дерегі.

Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, Зәуре Құмарова 1928 жылы бұрынғы Бақсай, қазіргі Махамбет ауданындағы Таңдай ауылында дүниеге келген. 

– 1937 жылы әкем, одан соң шешем қайтыс болды. Туысқандарым болмағандықтан, 1943 жылға дейін балалар үйіне тәрбиелендім. Сол жылы Бақсай ауданындағы Жамбыл атындағы мектептің 5-сыныбын бітірдім, -деп жазған өзінің өмірбаянында.

Кейін Гурьев қаласындағы №9 училищеде 1945 жылға дейін білім алған. Ал 1945 жылғы 29 қарашада сол кездегі №441, қазіргі Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмысқа қабылданған. 

Зәуре Құмарова зауыттағы еңбек жолын электрмен дәнекерлеуші болып бастаған. Бір айдан соң №1 цехқа оператордың көмекшісі қызметіне ауыстырылған. 

– 1943 жылы Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағының мүшесі атандым. 1948 жылы тұрмысқа шықтым. Жолдасым – Бердіхан Күзембаев, 1926 жылы туған. Ол – Ұлы Отан соғысының 2-топ мүгедегі. Ұлым Асқар 1949 жылы, қызым Ботакөз 1951 жылы дүниеге келді.
Өзім 1946 жылы 30 минут жұмыста болмағаным үшін мемлекет пайдасына 3 айға жалақымнан ақы ұстап қалу туралы шешім шығарылды. 1951 жылы 14 маусымда Жоғарғы Кеңестің жарлығымен соттылығым алынып тасталды. Жолдасым №8 цехта машинист болып қызмет атқарады, -деп жазба қалдырған Зәуре Құмарова.

Ол 1947 жылдан оператор қызметін атқарған. Ал 1959 жылы 5 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Сол кезде Жоғарғы Кеңесте жалғыз қазақ қызы болған. 

Бердіхан Күзембаев пен Зәуре Құмарова өмірге 4 бала әкеліп, тәрбиелеген. Қазір қызы Гуля Бердіханқызы ата-анасының мекен-жайында тұрады. 

– Анам өндіріске бала кезімізден араластық деп айтып отырушы еді. «Аяғымыздың астына орындық қойып, 16 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істедік. Бізді ешкім аямайтын. №1 цехта жұмыс істеген кезімізде аптап ыстықтан дем алу мүмкін болмайтын. Соған қарамастан, елге қызмет ету біздің міндетіміз еді» дейтін. Бос уақытында қолғап тоқып, өзге де киімдерді тігіп, майданға жіберіп отырған. Көрген фильмдер мен оқыған кітаптарын әңгімелегенді жақсы көретін. Балаларының есімдерін Асқар, Ботагөз, Амантай деп оқыған кітаптарының кейіпкерлеріне сай қойған. «Менің есімім неге Гуля?» деп ренжігенім бар. Сонда «Сенің есіміңді кино актрисасы, майданда ұшқыш болған Гуля Королеваның құрметіне қойдық» дейтін. Шешемді халықтың тұрмыстық жағдайы көп алаңдататын. Екі ағайынды еді. Інісі де балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін ауырып көз жұмған, -дейді қызы Гуля Бердіханқызы.

Қызының айтуына қарағанда, үлкен ағасы Асқар Башқұртстандағы қазақ диаспорасын басқарған. Ол сол елдегі қазақтардың тату болғанын қалаған.

Қазір Зәуре Құмарованың немересі Қаламқас Әубекерова Атырау мұнай өңдеу зауытының орталық зертханасында жұмыс істеп жүр. Мамандығы – химиялық талдау лаборанты. 

– Мен әжемнің жолын жалғап келемін деп есептеймін. Әжемнің еңбексүйгіштігін, өз ісіне адалдығын үлгі тұтамыз. Зауытта әжем туралы жылы естеліктер айтылады. Ол көптеген жұмысшының баспана алуына, қызметке орналасуына көп көмектескен ғой, -дейді Қаламқас Әубекерова.
Еліміздің мұнай өңдеу саласында жұмыс істеген тұңғыш қазақ қызы Зәуре Құмарова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Алайда оған 1974 жылы денсаулығына байланысты ауыр жұмыстарды атқаруға тыйым салынған. Соған байланысты 1975 жылы II топ мүгедегі ретінде зейнетке шыққан. Сол кезде еңбек өтілі 30 жыл болған. 2008 жылы 80 жасында өмірден өтті. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Бір суреттің тарихымен Зәуреш Ерғалиева және оның түйелері туралы жазылған еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT