Өткен аптаның сенбісі құлсарылықтар үшін ерекше қуанышты күн болды. «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен, Орталық Азияның Еуразия Қорының бастамасымен құрылған ««Qoǵamdyq keńistikter» жобасы аясында алты бірдей алаң халық игілігіне пайдалануға берілді.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен, Орталық Азияның Еуразия Қорының бастамасымен құрылған «Qoǵamdyq keńistikter» жобасы шеңберінде 2020 жылдан бері тұрғындар күшімен аудан аумағында небір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бірнеше спорт алаңы пайдалануға берілген болатын. Бұл жолы да тұрғындардың тікелей қатысымен алты бірдей алаң бой көтеріп, қала тұрғындарын зор қуанышқа бөледі.
Міне, біз «ПНГС» ықшамауданындағы «Кел, ойнайық!» атты балалар алаңының ашылу салтанатында тұрмыз. Тұрғындардың айтуы бойынша, 2000-2005 жылдары салынған ойын алаңының тозығы жетіп, мүлде жарамсыз күйге түскен.Жарақат алғандар да болған. Осы жай тұрғындардың өзекті мәселесіне айналып, ақыры олар «Qoǵamdyq keńistikter» жобасына қатысып, ұзақ жылғы проблеманы бірлесе шешкендеріне мәз.
Қызылды-жасылды шарлармен безендірілген алаң іші балақайлар мен ата-аналарға, ардагерлер мен тұрғындарына лық толды. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған алаңның іші жарықшамдармен, өрнектастармен безендірілген. Балаларға арналған небір құрылғылар әсемдігімен көз тартады. «Балаларға қуаныш сыйлау, олардың бақытты жүзін көру - әрбір ата-ананың басты арманы болса керек. Сол арманымыздың жүзеге асуына «Qoǵamdyq keńistikter» жобасы арқылы қол жеткіздік. Жоба грантын ұтып алып, балалар алаңын салуға қол жеткіздік.Енді балаларымыз көз алдымызда бос уақыттарын тиімді пайдаланып, заманауи алаңда алаңсыз ойнайтын болды. Шүкір, шамамен 100-ден аса баламыз бар. Енді олар сырттан қызық іздеп, алаңдамайды»,-деді «Кел, ойнайық!» балалар ойын алаңының жетекшісі Мөлдір Машенова.
Балалардың бақытты күлкісіне шомылған алаң қызығы жалғасып жатты, біз ат басын «Барлаушы» ықшамауданындағы мүгедектер қоғамының төрағасы Амангелді Мыңжасаровтың бастауымен ашылғалы жатқан «Спорт-бақытқа бастар жол» атты жаттығу алаңына бұрдық. Бастамашылар жаттығу алаңын ашудағы мақсат-дене тәрбиесі мен спорттың қолжетімділігін қамтамасыз ету дегенді жеткізді. Әп-дегеннен, салауатты өмір салтын ұстанатындарға арналған алаң қауіпсіздік техникасының барлық талаптарын сақтауымен қуантты.
Жобаға қатысқандағы басты мақсат - мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына, сонымен қатар, жүлделі орындарға ие болып, аудан намысын қорғап жүрген ерекше жандардың дайындықтарын нығайтуға, жетістіктерінің көбеюіне мүмкіндік жасау болды. Спорттық құрылғыларды ерекше жандардың өздері орнатты. Біз осындай жобаның өмірге келуіне жол ашқан «Теңізшевройл» кәсіпорнына, сонымен қатар, Орталық Азияның Еуразия Қорына шынайы алғысымызды білдіреміз,-деді жаттығу алаңының жетекшісі Амангелді Мыңжасаров.
Иә, бұл күні 5-учаскедегі Ғабдуллин көшесінде Өміров Қайрат, «Жадырасын» ықшамауданында Ізбасарова Қарлығаш, Береке ықшамауданында Қали Қуан, 7-учаскедегі №167 көшесінде Рахимов Алдыоңғар сынды азаматтардың бастамашылығымен ойын және жаттығу алаңдары ашылды. Жоба жетекшілеріне арнайы сыйлықтар табыс етіліп, алғыс хаттармен марапатталды. Көп көңіліне жол тауып жатқан «Qoǵamdyq keńistikter» жобасының басты идеясы-тұрғындарды жергілікті инфрақұрылым мәселелерін шешуге тарту арқылы, өз қауымдастықтарындағы өмір сапасы үшін олардың жауапкершілігін арттыру. Аталған бағдарлама шеңберінде тұрғындардың бастамашыл топтары қауымдастықтарға біріге отырып, өз елді мекендеріндегі басты қажеттіліктер мен проблемаларды анықтау арқылы грант алып, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға үлес қосуда.
Біз «Qoǵamdyq keńistikter» жобасының халық арасында кең қолдау тапқанына қуаныштымыз, өйткені жоба қоғамдық орындарды көркейтуге көмектесіп қана қоймайды, тұрғындар арасындағы жақсы қарым-қатынасты нығайтады. Жастарды өз қолдарымен салған алаңдарын бағалай білуге үйретеді,-дейді Орталық Азияның Еуразия Қорының басшысы Ринад Темірбеков.
Кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов тұрғындардың осынау қуанышына ортақтасып, ақжарма тілегін арнады.
«Теңізшевройл» кәсіпорнының ұжымы мен басшылығы атынан баршаңызды осынау қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі нысандар тек ТШО-ның қолдауымен ғана емес, Орталық Азияның Еуразия Қорының тікелей атсалысуымен жүзеге асты. Десек те, жобаның бастауында туған жерін шексіз сүйетін өздеріңдей тұрғындар тұр. Сол үшін де сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Біздің мақсат - әр тұрғынның ұсыныс-тілектеріне сай, оларға барынша қолдау білдіру. Бүгінге дейін, «Qoǵamdyq keńistikter» жобасы шеңберінде бір ғана Жылыой ауданында 38 нысан тұрғындар игілігіне берілді. Ал, жыл соңына дейін тағы да 29 балалар алаңы мен балғындардың жаттығуына арналған алаңқай салынып бітеді. Өздеріңіз білетіндей, «Теңізшевройл» бұдан бөлек үкіметтік емес ұйымдармен бірге денсаулық сақтау, білім беру, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құру, әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Құрметті жерлестер! Әр жоба Кең Жылыойдың жанданып, Құлсары қаласының гүлденуі үшін жүзеге аса берсін,- деді ол.
Биыл «Qoǵamdyq keńistikter» жобасымен Жылыой ауданында 29 бастамашыл топ грантқа ие болды, олар қоғамдық орындар салу үшін өз ұсыныстарын білдіргендер еді. Жақсы жоба жалғасын таба бергей!
Айкерім ШАҒАТАЕВА,
Сүлеймен Демирел атындағы
университеттің 2-курс студенті.
#тшо, #тенгизшевройл, #теңізшевройл, #общественные пространства, #қоғамдық кеңістіктер, #жоба, #нпо, #үкіметтік емес ұйымдар, #қоғам