Соттың ашықтығы мен қолжетімділігін насихаттап, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен жаңашылдықтарды, істердің сотқа түсу мен қаралу көрсеткіштерін саралау барысында, аудандық сотта бұқаралық ақпарат құралдарымен брифинг өткізілді.
Онда алдымен сөз алған аудандық сот төрағасы Айдын Байназаровтың айтуынша, өткен жылы аудандық сотқа түскен қылмыстық істер мен азаматтық істердің үлес салмағы артты. Ал керісінше әкімшілік істер азайды. Азаматтық істердің басым бөлігі отбасылық қатынастардан туындайтын неке бұзу, алимент өндіру және банктік келісім шарттардан туындаған несие берешектерді өндіру болса, әкімшілік істерден алкогольдік масаң күйде көлік жүргізгендер мен отбасы тұрмыстық қатынастар аясындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар.
– Бүгінде алаяқтық қылмысқа қатысты істер көбейіп тұрғандығын айта кеткен абзал. Қазір аудандық сотта тек аудан аумағында болған қылмыс қана емес, заң талаптарына сай Атырау облысының басқа көршілес аудандардан да қылмыстық істер түсіп, қаралып отырғандығын айта кету ләзім. 17 қаңтарда Атырау облысы соттарының 2024 жылы жасалған жұмысы қорытындыланып, сот жүйесін жетілдіру бойынша алдағы уақытта атқарылатын, татуластыру рәсімдерін қолдану бойынша соттардың жұмысымен қатар, сот төрелігі сапасын арттыру бағытындағы мәселелер талқыланды. Өткен жыл қортындысымен, біздің аудандық сотта татуластыру рәсімдерін қолдану, яғни медиация тәртібімен аяқталған азаматтық істердің деңгейі артып, 75 пайызды құрады. Нәтижесінде, біз жоғарғы көрсеткішке ие болып, алдыңғы орыннан көріндік. Осы тұста заңға енгізілген өзгеріс бойынша «Татуластырушы судья» жобасы аясында, барлық істі судья медиатор ретінде өзім қарап, мейлінше татуластыруды қолға алып келемін. Бүгінде сол жоба тиімділігін көрсетіп отыр, - дейді аудандық сот төрағасы Айдын Байназаров.
Брифинг барысында, істердің апелляциялық сатыда қаралу көрсеткіштері,заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтырулар, басқа да аудандық сотпен сот жүйесін ақпараттық сүйемелдеу бағытында атқарылған қоғамдық және бұқаралық ақпарат құралдары бойынша жұмыстар кеңінен әңгімеленді. Шара соңында, сот төрағасы, сот қызметкерлерінің мақалалары, басқа да іс-шаралардың жергілікті басылым беттерінде дер кезінде жарық көруіне «Қызылқоға» газетінің ұжымы зор үлес қосып келе жатқандығын атап өтті.
Бауыржан АМАНҰЛЫ