Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Талпыныс бар, бірақ қолбайлау көп

Ауданымыз биылғы жылы қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты көптеген қиындықтарды бастан кешті.

Әсіресе, құрылыс саласында көп қиындықтар болды. Бірқатар нысандар салынбай қалды. Сондай мәдени нысандардың бірі – ауданның бір топ азаматтарының бастауымен, жан-жақтан қолдау білдіріп демеушілік танытқан азаматтардың көмегімен «Саяси қуғын сүргіндер, олардың өкілі Құныскерей Қожахметов» атындағы саябақтың жұмысы тұралап қалды. Жағдай жақсарған бойда қолға алынған осы нысан ісі бүгінде қайта жанданды. Аудандағы «Құныскерей-125» шараларын ұйымдастыру жөніндегі жұмысшы тобының мүшелері Қайырбек Баймұратов пен Октябрь Нұрадиновтың ұйымдастыруымен басталған іс қайта жалғасты.

Ауа райы да біршама қолдау көрсетті. Қазір саябақты қоршаған қоршаулар толық бірінші және екінші кезеңіндегі жөндеуден өтті. Қарағайларды егу жұмыстары қолға алынып, сенбіліктер өткізілді. Жоспарға сәйкес стелланың негізі құйылды. Енді ауа райы жақсы болса үшінші кезеңінің жұмыстары қолға алынады. Жалпы Құныскерей Қожақметовке арналған шаралар тек біздің аудан да ғана емес көрші Батыс Қазақстан облысында да ұйымдастырылуда. Себебі, саяси қуғын-сүргін құрбаны Құныскерейдің туған жері Көздіғара ауылдық округі бұрын аталмыш облыстың Тайпақ ауданына қараған.

Жақында Орал қаласында тұратын жерлестеріміздің қолдауымен бұрынғы Чкалов атындағы көше «Құныскерей Қожахметов атындағы көше» болып өзгертілді. 15 қарашада осы көшенің ашылуы болады. Сол көшеге мемориалдық тақта орнату мақсатында, Алматы қаласынан тарихшы Марат Жұмағұловпен бірге, ауданнан бір топ азаматтар қатысу жоспарланып отыр. Бір айта кетерлігі – жағдай тек қана құрылыс жұмыстарына ғана емес тәрбиелік бағыттарға де әсер етті. Оқушылар арасында өтетін, шығарма байқауы, жас жазба ақындардың байқауы мектептегі жағдайларға байланысты тоқтап қалды. Алдағы уақытта осы жұмыстар қайтадан қолға алынатын болады. Бұл орайда, мектеп басшылары мен әдебиет пәні мұғалімдерінің белсенділігі қажет. Сайып келгенде, кез-келген нәрсенің байыбына бармай, әр түрлі пікір қалыптастырудың мәні жоқ. Жинақталған қаржы өз мақсатына жұмсалуда. Басталған жұмыс қалай болғанда да аяқталып, саябақ аудан тұрғындарының игілігіне жарайды деген сенім мол. Құмар ХАСАНОВ, «Құныскерей-125» шараларын ұйымдастыру жөніндегі жұмысшы тобының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521