Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Еңбегі ерен есепшілер

15 қараша – Қаржы саласы қызметкерлерінің төл мерекесі. Бүгінде олардың ел экономикасының дамуына қосып келе жатқан үлесі зор. Осы орайда, біз аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Құралай Сәлімгереевамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Құралай Әділшеқызы, ауданның бір жылдық бюджеті қанша? Ол көбіне қай салаларға бағытталған?

– Бюджет ағылшын тілінен аударғанда «қоржын» деген мағынаны білдіреді. Бұл орталықтандырылған ақша қорының құралу көздері мен жұмсалу бағыттарын сипаттайтын экономикалық категория, ақшалай кіріс пен шығыстың балансы. Бюджеттің кірістері – мемлекетке төленетін заңды және жеке тұлғалардың міндетті төлемдері, мемлекет кірісінің негізгі бөлігі болады. Салықтан басқа салықтық емес (айыппұлдар, жалға беру,т.б.) түсімдер, сату сияқты операциялардан түскен пайданы бюджеттің кірісіне жатқызуға болады. Биылғы жылы аудан бюджетінің кірістері 10 052 639,0 мың теңгеге жоспарланды. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 2 377 432,0 мың теңгеге артты. Бұл бюджет өсімінің 30,9 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Осының өзі елімізде өңірлерді дамытуға деген үлкен қолдау барын дәлелдейді. Аудан бюджетінің жалпы түсімінің 11,8 пайызын ауданның өзінің кіріс көздері салықтық, салықтық емес, негізгі капиталдан түскен барлығы 1 192 627,0 мың теңге түсімдері құрап отыр. Республикалық, облыс бюджеттерінен 7 514 031,0 мың теңге қаржыны трансферт, субвенция есебінде қаржыландырып отыр. Несиелер есебінен 1 297 025,0 мың теңге бөлінді. Қомақты қаражат пен мемлекет тарапынан қаржылай қолдауды қажет ететін білім саласына биыл 5 577 623,0 мың теңге жоспарланып, аудан бюджетінің 55,5 пайызын құрап отыр. Жас ұрпаққа сапалы білім беріп, саналы азамат қалыптастыру жолында білім саласының дамуына бар жағдайды жасап, материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Аудандағы нысандарды күрделі жөндеу жұмыстары да өзекті мәселе болатын. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» шеңберінде 1 272 664,0 мың теңге қарастырылып,оған Жамансор елді мекеніне кіретін және ауыл ішіндегі автомобиль жолдарын реконструкциялау, Миялы ауылының көшелеріне жарықтандыру, «Шалқыма» мәдениет үйі мен Миялы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратына күрделі жөндеу, Кереген су қорындағы үш ұңғыманың құрылысы жұмыстары жүргізілуде. Ауданда жүзеге асырылатын құрылыс жұмыстары үшін бірнеше жобалардың жобалық-сметалары мен сараптама қорытындысын жасауға да қаржы бөлінді.

– Пандемия кезінде көптеген іс-шаралар тоқтады. Соларға бөлінген қаржы қайда жұмсалуда?

– Пандемия болғалы барлық білім ошақтарының жұмысы тоқтады. Бірақ ондағы қызметкерлердің еңбекақысы сақталып, уақытында алып отыр. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап кезекші сыныптарға сабақ өткізген педагогтарға қосымша сағат жүргізгені үшін ақы төленуде. Сондай-ақ, білім ошақтарына керекті медициналық құралдар және тағы да басқа заттар алынды. Мәдени-спорттық шараларға, іссапарға жоспарланған 15 552,0 мың теңгені аудан бюджетінің кірісінен шегерілді. Сондай-ақ, іссапардан үнемделген қаржы бюджеттік мекемелердің қысқы мезгілде толыққанды жұмыс істеуі үшін керекті құралдарын алуға бөлінді.

– Ауылдық округ бюджеті толықтай өздеріне берілді ме? Ол қалай жүзеге асуда?

– Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін екі деңгейде реформалауды ескертетін ҚР жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы ӨР Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы №438 қаулысымен бекітілді. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап халқы екі мыңнан асатын Мұқыр, Сағыз, Миялы, Ойыл, Тасшағыл ауылдық округтері, жыл басынан бері қалған ауылдық округтер ІV деңгейлі бюджетке көшті. Қазіргі таңда салықтары өздерінің есепшотына түсуде. Атап айтқанда, төлем көзінен салық салынбайтын табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлік салығы, жеке және заңды тұлғалардың жер салығы, жеке және заңды тұлғалардың көлік салығы, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру үшін өтем, әкім белгілеген айыппұлдар, коммуналдық меншіктегі мүлікті жалға беруден, негізгі капиталдан сатудан түсетін түсімдер.

– Есепшілер мемлекеттік қызметте болуы міндетті ме? Осыған толығарақ тоқталсаңыз. Жесепшілер біліктілігін арттыру курстарынан қаншалықты жиі өтеді?

– Есепші – мекеменің айнасы. Оған артылар жауапкершілік жоғары. Сондықтан еңбегі ерен есепшілердің мемлекеттік қызметші болғаны дұрыс деп санаймын. Бірақ, мемлекеттік қызметшінің лимитіне сәйкес келмеуіне байланысты аудан әкімі аппараты мен аудандық құрылыс бөлімінде және ауылдық округ әкімі аппаратында есепшілер мемлекеттік қызметші, қалған бөлімдерде келісімшарт негізінде еңбек етеді. Қазіргі уақытта заңдылықтарды жеңілдету, оңайлату бағытында жұмыстар жүргізіліп, заңдарға өзгерістер енгізіліп не толықтырылып жатады. Сондықтан осының барлығынан қаржыгер хабардар болмаса, жұмыс алға баспайды. Басшылық та осыны талап етеді. Біздерде білім жетілдіру курстары, семинарлар ұйымдастырылып тұрады. Биылғы жылы «Мемлекеттік сатып алу» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде есепшілерді онлайн арқылы оқытылды және 6 айға дейін тегін көмек көрсетіледі.

– Осы тұста, сала үздіктерін атап өтсеңіз?

– Қаржы саласында ұзақ жылдар еңбек етіп жүрген аудан әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Бақытжамал Бисенғалиева, Тайсойған ауылдық округінің бас маман-есепшісі Жарқынай Шаденова, «Нұр шуақ» балалар бақшасының есепшісі Жанар Ғани, Миялы орта мектебінің бас есепшісі Жанат Бижанова, «Шұғыла» мәдениет үйінің есепшісі Жанат Қажен, А.Өміров атындағы балалар өнер мектебінің есепшісі Айгүл Далабаева және өз мекемемізден сектор меңгерушісі Ержан Сапиев, бас маман Венера Төлеуғалиева, Гүлназым Сабекенова, Әсем Қаленова, Думан Нығыметовтарды атауға болады. Оларды келе жатқан төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан: Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521