Лес Жолдиевтың өмірден өткеніне 10 жылға таяп қалды. Әрі ол биыл асқаралы 60 жастың биігіне шығып отыр. Ажал шіркін, кімді аяған?
Лес Қарақойшыұлы жаңа толысқан шағында ауыр дертке шалдығып ажал қармағына ілікті. Ол қысқа ғұмырының бар өмірін аудан басылымына арнаған журналист. Алғашқыда еңбек жолын шаруашылықтан, құрылысшылықтан бастаған Лес жоғары оқу орнын бітірген соң аудандық газеттің табалдырығын аттады. Содан көзі жұмылғанша редакцияда қызмет атқарды. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр қаламгер қатардағы тілшіліктен аудандық басылымның бас редакторлығына дейін көтерілді. Талантты журналист Л.Жолдиевтың газет тізгінін ұстаған мезгілі нарық қыспағына тап келді. Қаржы тапшылығы аудан басылымының жарық көруіне үлкен зардабын тигізді. Газет біраз уақыт оқырмандарынан қол үзіп, жабылып қалды. Осындай қиын шақта Лес ерекше ізденімпаздық танытты. Газетті қайта тірілту үшін әуелі жалғыз өзі күресті. Алдымен, газетті қай баспаханада бастыру керектігін ойластырды. Сөйтіп, Ақтөбеге жол тартты. Адамдармен тез тіл тапқыш жігіт бұл шаруаның ыңғайын келтіріп, мақалалаларды жалғыз өзі жазып, макетке түсірген редактор төл басылымын Ақтөбеге барып шығарып тұрды. Оқырмандарға аяқтай жүріп таратты. Кейін газетті Атырау қаласынан шығаруға қол жеткізді. Кешікпей аудан басылымының «Атырау Ақпарат» құрамына енуіне үлес қосты.
Мен Лес Жолдиевпен 30 жылға жуық қаламдас болып қызмет атқарған ардагер журналисттердің бірімін. Лес шебер ұйымдастырушы, талапшыл басшы, ізденімпаз журналист болды. Кеңседе тапжылмай отыруды ұната бермейтін. Жұмыс күндерін былай қойғанда сенбі-жексенбіде іс сапарларға үзбей шығып тұратын. Еңбек адамдарымен жиі кездесіп, оқырмандармен ашық сөйлесіп, бетпе-бет сырласып, мұң-мұқтаждықтарын зер сала тыңдайтын. Іс сапарда жиі болу сапалы, ойлы мақалалардың жарық көруіне ықпал ететіні айтпаса да түсінікті. Лес әсіресе, қысқа хабарлардың газет бетіне көптеп жариялануына ерекше назар аударды. -Бет-бет болып жарияланған мақалаларды оқырманды жалықтырады, тіпті оқымайды да,- дегенді үнемі айтып жүретін. Бас редактор ретінде аудан көлеміндегі ресми жиналыстарда ой пікірлерін ашық айтты. Ащы шындықтың газетте жариялануына тосқауыл қоймады. Газеттің безендірілуіне айырықша көңіл бөлді. Таралым санының көбеюіне тікелей өзі араласатын. Содан болар, Лес Жолдиев бас редактор болған тұста аудандық «Қызылқоға» газетінің таралымы 5 мың данаға жеткенін ереше мақтаныш еткен орынды. Мұның өзі оқырмандардың газетке деген қызығушылықтарының жоғары болғанын көрсетеді. Бойына жігерлілік қасиеті дарыған Лес газет жұмысына дегенде бар күш қайратын жұмсады. Уақытпен есептеспеді. Редакцияның материалдық базасын нығайтуға бар ынта-жігерімен кірісті. Жас кадрлар тәрбиеледі. Авторлар менен тығыз байланыс орнатты. Ауданның атқарушы органдарымен қоян-қолтық араласты. Аудан басылымының абыройын асқақтатты.
«Атырау Ақпарат» басшылығымен де мәмілеге келіп, бірлесе еңбек ете жүрді. Лес өмірдің соңғы жылдарында ауыр дертке шалдықты. Ұзақ емделді. Талай көрдік, қатты қиналды. Оның өзі қайта түлеткен газетіне деген берілгендігі сонша шаршап-шалдықса да қызметке келіп жүрді. Мақала жазды. Дайын материалдарды оқыды. Жан-жақпен сөйлесті. Қысқасы, ақтық демі таусылғанша басылымның жарыққа шығуын назардан тыс қалдырмады. Бұған қарап оның таңдаған мамандығына деген шын берілгендігін байқауға болады. Иә, өмір өткінші! Қазір Лестің есімі ара тұра болмаса көп айтыла бермейді. Әріптес ретінде осыған қатты налимын. Ол кезінде аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланды. Бірнеше қоғамдық жұмыстардың жауапкершілігін арқалады. Аудан өмірі жайлы энциклопедияның жарық көруіне араласты. Қызметкерлердің әлеуметтік ахуалын жақсарта білді. Ең үлкен жетістігі – аудан басылымын нарық құрсауынан құтқарып қалуы. Осындай, ерен еңбек тындырған талантты қаламгерді есте қалдыруды ойластыратын кез жетті. Бұған әуелі аудандық редакция ұжымы мұрындық болса құба құп. «Қызылқоға» газеті – ауданның айнасы. Осы газетте тер төккен Лес Жолдиевтей журналшының мерейлі жасында аз ғана естеліктерді қағазға түсірдім. Ол Лестің өткен жолының бір ғибраттары ғана.
Ж.ЖАНҚУАТ,
ардагер журналист.