Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұстаздарымның ұстазы еді...

Таяуда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен академик Салық Зимановтың 100 жылдығына орай «Ұлы дала, Ұлы тұлға» атты онлайн-конференция өткен болатын.

Осы орайда, аталмыш конференцияға қатысқан облыстық соттың төрағасы Бауыржан Жұмағұловтың «Ұстаздарымның ұстазы еді...» атты мақаласын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Қазақ заңгерлерінің көшбасшысы болған академик Салық Зиманұлының туғанына биыл 100 жыл. Осы бір қарапайым да айбарлы есімді бүгінде білмейтін, құрметтемейтін адам алты алашта жоқ десем, еш асыра айтқандық емес. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, оның Ата Заңының қабылдануына өлшеусіз үлес қосқан заңгер-ғалым С.Зимановты еліміздің сот, прокуратура, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздеріне ұстаз, ақылшы аға ретінде қабылдайды. Ол кісінің алдын көрген, тәрбиесін алған шәкірттерін, олардың адалдық эстафетасын одан әрі жалғастырған сан жүздеген заңгерлерді еліміздің түкпір-түкпірінен көптеп кездестіруге болады.

Қоғам және мемлекет қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасының тұңғыш президентінің мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері туралы тарихи естеліктер мерзімдік басылым беттерінде аз жазылған жоқ. Жылдар өткен сайын олардың саны көбейе түспек. Данышпан Абай атамыздың «Адам өлген күні өлмейді,ұмыт болған күні өледі» деген даналық сөзі бар.

Ендеше, көзі тірісінде-ақ заң ғылымының патриархы атанған Салық Зимановтың көркем бейнесі санамыздан ешқашан да өшірілмейді. Ол – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Өйткені, оның артында мыңдаған шәкірттері, жоқтаушылары, тілеулестері бар. Оған дәлел сенатор, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бастауымен үш комитет төрағасы, үш генерал және үш академик қол қойған Премьер-министрдің атына жолданған депутаттық сауалда С.Зимановтың жүзжылдық мерейтойы Үкіметтің жыл кестесіндегі мерейтойлар тізбесінен тыс қалғандығы ашына айтылып, оның тәуелсіз Қазақстанның заң ғылымының өркендеуіне сіңірген өлшеусіз еңбегі, білікті, дарынды заңгерлер корпусын қалыптастырудағы ұстаздық қызметі тайға таңба басқандай санап көрсетілген.

«...Ол 1961 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғағаннан кейінгі бар ғұмырын қазақстандық заң ғылымының дамуына арнады. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін, Ұлттық ғылым академиясының Философия және право институттарын басқарып, мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп, 15 заң ғылымы докторларын, 30-дан астам ғылым кандидаттарын даярлады. Оның шәкірттері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде көптеп саналады» дей келіп, «Салық Зиманов 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, комитет төрағасы әрі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының жобасын дайындаған депутаттық комиссияның басшысы болды.

Кейін, 1991 жылы 14-16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдау барысында 2 күн айтыс-тартысқа түсіп, мәселе тығырыққа тірелгенде тағы да келісім комиссиясының құрамына кіріп, бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Респуб-ликасы атты жаңа тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келгенін күллі әлемге танытқан тарихи құжаттың қабылдануына заңгер, депутат ретінде зор үлес қосты. Оның сол кезде сөйлеген сөздері мен тегеурінді пікірлері Парламент мұрағатында сайрап тұр. Ол 1994 жылы Жоғарғы Кеңеске екінші мәрте депутат ретінде сайланып, өмірінің соңына дейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бәріне дерлік абыз ақсақал ретінде белсене араласты. Сенат пен Мәжіліс Төрағалары, Премьер-Министр және республикалық құқық қорғау органдары басшыларына ұдайы өзінің толымды ұсыныс, тағылымды пікірлерін жолдап отырды.

Елбасының саяси-құқықтық реформаларына үнемі қолдау көрсетті». «...Аға буын өкілдері қаһарман Салық Зимановтың азаттығымызға жарқын жол ашқан Желтоқсан көтерілісінен кейін зиялы қауымның ерік-жігерін басу үшін 1986 жылдың 29 желтоқсанында Ұлттық Ғылым академиясына келген М.Соломенцев пен Г.Колбиннің алдында ақырып теңдік сұраған ақсарағат сөздерін де ұмытқан жоқ», деп империялық орталықтың лауазымды өкілдерінің қазақ халқы атына айтқан астам пікірлеріне тайсалмай қарсы шығып, ұлт намысын, ел абыройын кесімді дәлелдермен қорғап қалғанын бүкіл жұртшылық біледі.

«...Осыған орай, академик Салық Зимановтың ғасырлық мерейтойын лайықты атап өту үшін: қаһарман ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, танымдық-тағылымдық шаралар өткізу, есімін Атырау мен Алматы қалаларының көшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған мектептердің біріне беру, туған жерінде еңселі ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды сұраймыз делінген депутат, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедің сауалында. Айтса айтқандай, елі үшін, ұлты үшін осыншама еңбек сіңірген дарабоз заңгер ағамыздың мерейтойын елеусіз қалдыру біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де кешірілмейтін қателік деп айтуға болады. Өмір бойы адалдықтың ақ жолынан тайқымаған, айтайын дегенін орағытып, мәймөңкелетпей тура айтып өткен С.Зимановтың өткен өмір жолына бір сәт көз жүгіртіп көрелікші: 1944-1945 жылдары Отан соғысына қатысып, дивизион командирі, миномет полкі және артилиериялық полк командирі, полковник  шенімен әскери қызметтен босаған.

Майданнан оралған соң  1946-1947 жылдары Гурьев облысы прокуратурасында тергеуші, аға тергеуші, 1947-1948  жылдары Қазақ КСР Прокуратурасы жанындағы ерекше маңызды істер жөніндегі тергеуші қызметін атқарды. 1948 жылы Бүкілодақтық заң институтын бітіргеннен кейін 1952 жылға дейін Қазақстан ҒА құқық секторының аспиранты, аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі болды. 1952-1958 жылдары Алматы заң институтының директоры, ҚазМУ-да декан, 1958-1976 жылдары Қазақстан  ҒА Философия және құқық институтының директоры, осы институттың бөлім меңгерушісі, құрметті директоры,1976-1977 Қазақстан  ҒА Төралқасының бас ғалым-хатшысы,1995 жылдан Қазақ академиялық университетінің ректоры, 1999 жылдан Қазақстан  ҰҒА Төралқасының мүшесі болып жұмыс жасады.

Зиманов Салық 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына ғылыми жетекшілік жасады. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Парасат» орденімен, екі мәрте Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Енді академик ағамыздың көзі тірісінде өзі айтып, жазып қалдырып кеткен мына бір естелікке көз жүгіртіп қаралық: «...Үйіме терезеден ұры кіріп, заттарымды ұрлап кетті. Мен ол кезде саяжайда тұратынмын. 600 теңге ақшаны да алып кеткен! Бір айдан кейін ол адам табылды. Ол кезде жасы 24-те болған. Жеті рет ұрлық үшін сотталған. Оны көргім келді, бұл оқиға мені қатты ренжітті! Оған түрмеге бардым. Түрме бастығы мені көргенде қатты таң қалды. Ал, түрмеде отырғандар одан бетер таң қалды: ұрыдан зардап шеккен адамның өзі ұрыға түрмеге келген, ондай бұрын болмаған! Мен онымен ұзақ әңгімелестім. Өте ақылды жігіт болып шықты. Оның айтуынша, 8 жасынан ұрлықпен айналысады екен, өйткені анасы оны 8 жасында тастап кеткен. Әкесі – бұрынғы құрылысшы, бір көзі жоқ мүгедек. Бұл жігіт ұрлық жасағаны үшін жеті рет түрмеге түсіп, үнемі жақсы тәртібінің арқасында мерзімінен бұрын бостандыққа шығып отырған. Қамауда жақсы жұмыс істеген, түрменің бастығы да оған жақсы мінездеме берді.

Қарасам, Днепрден бірге өткен майдандағы досыма қатты ұқсайды екен. Мен ол кезде минаатқыш батареяның командирі болған едім. Өзеннен өту кезінде маған штрафбаттан бірнеше адам берді, олар бұрын түрлі қылмыстар үшін сотталған екен. Қорықпаса, тірі қалса, кешіреміз деді. Көбі қаза болды, ол тірі қалды, соғыс біткенше ерлікпен соғысты. Менің ұрым соған ұқсайды екен. Сонымен, мен түрмеге бардым. Ол менің қалай өткеніме, кім екеніме қатты таң қалды. Жағдайын сұрадым. Жаман екенін айтты, бес адамға арналған камерада 12 адам тұрады екен. Темекі бермейді. Мен күзетшіні шақырып, ақша бердім де, бәріне темекі сатып алуды тапсырдым. Сот болғанда, өзім барып, оны адвокат сияқты қорғай бастадым. Оны қамаудан шыққанына үш ай өтпей жатып, ұрлық жасағаны үшін сегіз немесе он жылға соттайтын еді. Ол сотта «мені неге қорғайсыз, бәрібір пайдасы жоқ, түрмеден шыққанда еш жерде жұмысқа ешкім алмайды» деп айтты.

Бір құжаттары жетпейтіндіктен төлқұжаты да жоқ екен. Ұрлық жасау ғана қалады. Оның қолынан көп нәрсе келеді, былғарыдан неше түрлі заттар тігеді. Мен сотта сөз сөйледім, ол туралы бәрін айттым, оған ренішім жоқ екенін айттым. Судьялармен сөйлестім, олар оның рецидивист екенін, түрмеден жаңа ғана шыққанын, 600 теңге айғақ бар екенін айтты. Мен қалалық соттың төрағасымен сөйлестім. Оған сегіз жылдың орнына үш жыл берді. Үш жылдан кейін маған келді. Мен оны жұмысқа орналастырдым. Кейін маған келіп, алғысын айтты. Әріптестерім Салық Зиманұлы өз ұрысын өзі ақтап шығарды деп күлетін. Мен естелік болсын деп, оның сот ісін сақтап қойдым»... Былай қарағанда болмашы нәрсе сияқты. Ал, тереңнен ойлап, алыстан қозғасақ не деген қарапайымдылық! Не деген мәрттік! Мен айтар едім, ұлылық деп. Өмір бойы заңдылықтың, әділдіктің жолында күресіп, басқаларды да соған үндеп, осы салаға мыңдаған кадрлар дайындап келе жатқан адамның бұған дейін жеті рет сотталып, ол аз болғандай жиған-тергенін үптеп кеткен кәнігі ұрыға араша түсуі, оның түрмеден кейінгі тіршілігіне араласып, оған сеніммен қарап, қол ұшын беруі шынында да таңғаларлық жайт.

Ауыздығымен алысып, тұяғымен жар тарпыған, түзелуден мүлдем кетті деген кісікиіктердің жүрегінің түбінен болмашы үміт ұшқынын көріп, соны өшіріп алмау үшін онсыз да жетпей жатқан алтын уақытын бөлуі кім-кімге де үлгі боларлық. Санасында саңылау бар адамды ойландыруы тиісті. Мен университетте оқып жүрген кезде С.Зиманов бізге «Мемлекет және құқық теориясы» пәнінен тапсырылатын сынақ бойынша мемлекеттік комиссия төрағасы болды. Айта кетерлік жайт, ол кісінің алдын көру біз үшін, қарапайым студенттер үшін үлкен мәртебе еді. Сынақ кезінде сөзімізді бөлмейтін. Тіліміздің ұшында тұрған нәрсені айтып, жеткізе алмай тұрғанда аузымызға сөз салып, жетелейтін. Жанама сұрақтар арқылы тақырыпты жетік білетінімізге көз жеткізсе көп қинамайтын. Комиссия мүшелерінен де соны талап ететін. Менің заңгерлік қызметтегі ұстаздарым – Қ.Мәми, О.Жұмабеков және Б.Бекназаров Салық ағамыздың шәкірттері. Яғни, ол кісі біздің ұстаздарымыздың ұстазы болды.

Қазақстан ғылымының тарихында үш академиктер отбасы бар. Бірі –Фазыл Мұхамедғалиұлы мен Нәйла Оразғұлқызы Базанова, екіншісі – Серік Смайылұлы Қирабаев пен Әлия Сәрсенқызы Бейсенова, үшіншісі – Салық Зиманұлы мен Шәрбан Батталқызы. Барлығы да Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшелері. Салық ағамыздың мерейтойы қарсаң-ында Атырау қаласынан бір көшенің атын беру мәселесін қолға алдық. 2008 жылы өзара келісімшарт бойынша ғұлама заңгер өз мұрасының көпшілік бөлігін Алматыда тұратын атыраулық ғалым-баспагер, филология ғылымдарының докторы, професссор, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнеске аманаттаған екен. Бүгінгі күнге дейін 5 томдығы жарыққа шықты.Қазіргі кезде қалған 2 томдық пен С.Зиманов туралы замандастарының естеліктері, деректі мақалалар қамтылған заманауи энциклопедиялық анықтамалық шығаруға жұмыстанып жатырмыз.

Егер де осы жұмыстар дер кезінде жүзеге асса аты алты Алашқа мәлім ұлы жерлесіміздің есімін ұлықтау, оның ұшан-теңіз ғылыми мұрасын ел жадында қайталап жаңғырту – академик С.Зиманов тікелей атсалысқан ел Тәуелсіздігіне үлкен тарту, Қазақстан Республикасының 30 жылдық торқалы тойына толымды шашу болар еді.

Бауыржан ЖҰМАҒҰЛОВ

Атырау облыстық сотының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT