Ауданға арнайы ат басын бұрған параволейболдан еліміздің ұлттық құрамасының ойыншыларына «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшелері «Бақыт» мейрамханасында құрмет көрсетті. Аталмыш партияның мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратовтың бастамасымен өткен бас қосуға «Ақ жол» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайырденов пен «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының аппарат басшысы Айсұлу Қондыбаева арнайы келіп қатысты.
Шара барысында, параволейболшылардың жеңісті жолынан бейнетүсірілім көрсетіліп, артынша сөз алған облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов:
– Параволейбол құрамасы байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын асырып, мәртебесін биіктетіп келе жатқаны баршаға мәлім. Он екі мүшесі сау адамдардың өзі қол жеткізе алмайтын жетістікке жетіп жүрген бұлардан біз үлгі алып, мақтануымыз керек. Былтыр Парижде өткен паралимпиада ойындарында үздік бестіктен көрінген команда мүшелері онымен тоқтап қалмай алға ұмтылуда. Жақында Америка құрама штаттарында өтетін әлем кубогына жол жүргелі отыр. Ендеше, сапаларың сәтті болып, жеңіспен оралыңдар, - деген тілегін білдіріп, команда мүшелеріне партия атынан естелік сыйлық табыстады.
Өз кезегінде сөз сөйлеген параволейболдан еліміздің ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов қашанда қолдау білдіріп жүретін «Ақ жол» демократиялық партиясына алғысын айтып, өзі бастап ұлттық құраманың сексен пайызы осы партияның мүшесі екендігін тілге тиек етті. Шара соңында әлгінде айтқан облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов бас жаттықтырушы Бауыржан Тахауовқа өз атынан асыл тұқымды ат мінгізіп, алдағы додаларда жеңіске жете берулеріне тілектестік білдірді.
Дулат ҒҰБАЙДОЛЛА