Бүгінде, кәсіпкерлерді қолдау бағытында мемлекет тарапынан қабылданған түрлі бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Бұл ретте, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау филиалы кредиттеу бөлімінің бас маманы Дулат Атоллаұлы мен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева аудандағы барлық ауылдық округтерді аралап, кәсіпкерлікті дамытамын немесе жаңадан кәсіп ашамын деген жандарға жаңа бағдарлама арқылы беріліп жатқан төмен пайыздағы несие туралы түсінік жұмыстарын жүргізді.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау филиалы кредиттеу бөлімінің бас маманы Дулат Атоллаұлының түсіндіруінше, жаңадан іске қосылған «Іскер» бағдарламасы мал шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытты қаржыландырады. Оған өзін-өзі қамтушылар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жұмыссыз және кәсібін енді бастап жатқан адамдар қатыса алады. Мал шаруашылығымен айналысамын деген жандарға бес миллион теңгеге дейін алты пайызбен жеті жылға беріледі. Төрт түлік мал түгел қамтылады. Несие жеті жылға берілетін болғасын оның өзіндік жеңілдік мерзімдері бар. Мәселен, төлем тәртібі бойынша екі жылға дейін жеңілдік мерзімін алып, артынан өзіңізге ыңғайлы қылып ай сайын, тоқсан сайын, жылына екі рет немесе бір рет төлем тәртібін қоюға болады. Әр малдың жас ерекшелеріне қарай бекітілген бағалары бар. Мал шаруашылығын дамытуға несие алатындарға бұрынғыдай мал бағатын жер талап етілмейді. Әрбір несие алушының өзінің тіркелген мекенжайында ауласы, қорасы болса жеткілікті. Егер қора-жайлары заңды техникалық құжатқа (техпаспорт) тіркелмеген болса, жергілікті әкімдіктен қорасы бар деген анықтама алып келу керек. Ал, кәсіпкерлік бағытқа да алты пайызбен алты миллион теңгеге дейін бес жылға беріледі. Оның ішінде әртүрлі кәсіпкерлік мақсат бар. Яғни, айналым қорына (азық-түлік және басқа да дүкендер) несие үш жылға берілсе, тігін шеберханасына және басқа да цехтарға құрал-жабдық алу үшін берілетін несие бес жыл мерзімге беріледі. Сондай-ақ, тегершік жөндеу, көлік жөндеу орталықтарын ашу үшін, жүк және жеңіл көліктерін (7 орыннан жоғары) алу үшін несие алуға өтініш білдіруге болады.
– Айта кетер жайт, «Іскер» бағдарламасының бұрынғы бағдарламалардан өзгешелігі «Бизнес-Бастау» бағыты бойынша оқыған сертификат талап етілмейді және жұмыспен қамту орталығынан жолдама сұралмайды. Жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, 18 жас пен жаспен зейнеткерлікке шыққанға дейін кісілер несие алуға өтініш білдіре алады. Бұл ретте, жеңілдікпен зейнетке шыққандар бағдарламаға қатыса алса, жаспен зейнеткерлікке шыққандар қатыса алмайды. Жалпы, қай бағытқа да несие алатын азаматқа міндетті түрде кепіл керек. Кепілге жылжымайтын мүлік те, жылжитын мүлік те қоюға болады. Оған қойылатын талаптар әрбір кепілдің орналасқан жеріне байланысты бағаланады. Қысқасы жеңілдетілген пайызбен әрі ұзақ мерзімге несие алу үшін кепіл керек, несие тарихтарыңыз таза болуы тиіс, - деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау филиалы кредиттеу бөлімінің бас маманы Дулат Атоллаұлы.
Кездесу барысында жиынға қатысушылар тарапынан несие алу жөнінде қойылған түрлі сұрақтарға жауап беріліп, жинақталған құжаттар тексерілді.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.
Суретті түсірген автор