Мемлекет басшысының жыл басында республикалық басылымға сұхбат беруі дәстүрге айналып келеді. Биыл «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Президент өткен жылдың жетістіктері туралы айтып, алдағы жоспарынан да хабардар етті.
Сұхбатының едәуір бөлігін салық реформасының және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының маңызына арнаған Мемлекет басшысы еліміздегі көлік және логистика саласының маңызы зор екенін атап өтті. Бұл ретте Президент «Еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Жалпы, бұл саланың әлеуеті өте жоғары. Мұнда тек инфрақұрылым туралы сөз болып отырған жоқ. Экономиканың барлық дерлік секторы осы іргелі салаға келіп тоғысады. Сондықтан, Үкіметтің алдына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-логистика тораптарын салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғыртып жөндеу, сондай-ақ тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды» деген болатын. Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік беретін «Достық-Мойынты» жаңа теміржол магистралі іске қосылғанын, сондай-ақ Елорда мен батыс аймақтардың арасындағы қашықтықты 500-ден астам шақырымға қысқартатын «Орталық-Батыс» күре жолы құрылысының стратегиялық маңызы өте зор екенін де тілге тиек етті. Көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру бағытында ауданда жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Облыстық маңызы бар жалпы ұзындығы 45 шақырым болатын «Тайсойған-Миялы» бағытындағы автомобиль жолының құрылысы аяқталса, «Миялы-Ойыл» автомобиль жолының (18 шақырым) құрылысы және «Сағыз-Миялы» бағытындағы автомобиль жолына (115 шақырым) жөндеу жұмыстары жүруде. Бірнеше жылдан бері кезекпен округ орталықтарына тас жол төселуде. Кішкентай ғана Қарабау ауылының ішінде де тас жол салынып, тұрғындардың тыныс-тіршілігін арттыруға оң септігін тигізуде.
Бұдан бөлек жалпы ұзындығы 97 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдардың құрылысы бойынша 12 жоба жүзеге асырылуда. Жүзеге асырылып жатқан жобалардан бөлек Қаракөл, Тасшағыл, Тайсойған ауылішілік жолдарының құрылысына және Миялы ауылішілік жолдарын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалған.
Шафиғолла ҚОНЫСБАЕВ,
Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы



