Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты 2024 жылғы 2 қыркүйектегі кезекті Қазақстан халқына Жолдауында әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет екенін айтқан болатын.
«Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты»,- деді Мемлекет басшысы.
Иә, Отан алдындағы борышын абыройлы өтеу үшін әскерге аттанған әрбір сарбаздың үйіне аман-есен оралуы, бұл бүгінгі ата-ананың тілегі болып отыр. Өйткені әскерге дені сау болып аттандырған баласынан қаралы хабар жетіп, аз уақыт ішінде оның табытын құшақтап қалып отырған жағдайлар көбеюде. Осыған сәйкес әскерде темірдей тәртіп тек сарбаздарға ғана емес, әскери қызметшілерге де қойылуы қажет. Осы ретте ел Президентінің пәрмені жас сарбаздардың бас амандығының кепілі деп білемін. Өйткені, мемлекеттің болашағы жас ұрпақтың қолында.
Қ.Омаров,
Мақат аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі