Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Шындық кімнің жағында?

19 сәуірде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Зарема Хамидуллинаның төрағалығымен облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровтың қылмыстық ісі бойынша сот процесі аяқталды.

Жарыссөз өтіп, тараптар сөз сөйледі, сотталушыларға соңғы сөз берілді. Анық-қанығы үкім шыққанда белгілі болады.

Естеріңізге сала кетейік, Нұрлан ТАУБАЕВ пен Тимур БАСАРОВ 2020 жылдың қыркүйегінде Атырауда сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша, яғни Құлсары қаласындағы COVID-19 инфекциясына қарсы күрес мақсатындағы модульді аурухананы қабылдау кезіндегі «қамқорлығы» үшін «Теңізшевройл» компаниясының ірі тендерін жеңіп алған құрылыс компаниясынан 182 млн. теңге көлемінде пара алған деген күдікпен ұсталған болатын. 2020 жылдың желтоқсанында қылмыстық іс сотқа жолданды, бірақ облыс басшысының бұрынғы бірінші орынбасарының отасының шегерілуіне байланысты сот ісі кейінге қалдырылған болатын.

Тергеу нұсқасы бойынша, мемлекеттік қызметшілер өз үлесін 7 пайызға бағалап, 5,9 миллиард теңгенің бір бөлігін алуға ниеттенген. Н.Таубаев құрылыс компаниясы директорының орынбасары А.Т.-дан өңірге көмек ретінде ӨЖЖ аппараттарын сатып алуды сұрағанын мәлімдейді. Алайда, тергеу процесіндегі алғашқы жауап алу кезінде ол бұл нұсқа туралы айтқан жоқ. Айыптаушы тарап бұл тендер сомасының 7 пайызы екенін айтады. Н.Таубаев облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына ұсталмастан төрт ай бұрын, ал Т.Басаров құрылыс басқармасының басшысы болып 2020 жылғы маусымда тағайындалған. Бұған дейін сот талқылауы барысында прокурор Нұржан Жангереев соттан Таубаевты мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 11 жыл бас бостандығынан айыру, ал Басаровты мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл 5 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.

Таубаев пен Басаров Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігі «Аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу» бойынша айыпталуда.

2022 жылғы 19 сәуірде сот барысында, атап айтқанда, айыптаушы тарап – прокурор Нұржан Жангереев барлық дәлелдемелер айыптау актісінде көрсетілгенін атап өтті. Таубаев өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, облыстың құрылыс саласына жетекшілік еткенде заңға қайшы әрекет жасады. Бұл жерде әңгіме нысанды қабылдау барысында және жалпы «қамқорлық» көмектескені үшін құрылыс компаниясының басшылығынан аса ірі мөлшерде пара талап ету арқылы заңсыз жеке материалдық баюға қатысты болып отыр.

– Мен Таубаевқа ең жоғарғы жаза – 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрадым. Бұл ретте жазаны ауырлататын себебі бар: ол қабылдаған антты бұзды. Ал, Басаровқа қатысты 8 жыл 5 ай талап етілді, өйткені жазаны ауырлататын себебі жоқ, – деді Нұржан Жангереев. – Таубаевтың айтуынша оны 10 қыркүйекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері Басаровты ұстаған сәттен бір сағат бұрын ұстаған. Құрметті сот! Бұл дәлел ұстау хаттамасын жасаған тергеушінің айғақтарымен теріске шығарылады және ол сол күні Таубаевқа қатысты қандай да бір мәжбүрлеу немесе қысым көрсетілмегенін, Таубаевтың өзі олармен бірге Департаментке өз еркімен барғанын растады. Адвокат Вранчев ҚР ҚІЖК 106-бабы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тергеу сотына шағым түсірді, бірақ оның шағымы қанағаттандырылған жоқ. Таубаевты ұрлау дерегі тіркелген жоқ, бұл шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені, Таубаев бұл туралы тергеу барысында емес, тек сотта мәлімдеді. Бұл мәселе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметтік тергеу жүргізді, Таубаевтың дәлелдері расталған жоқ. Осылайша, облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасарының ұсталуы заңды түрде ресімделіп, оған қандай да бір қысым көрсету фактісі расталмады.

Таубаевтың келесі дәлелдемесі, – деп жалғастырды прокурор. – Оның пікірінше, тергеуші одан 100 мың доллар сұраған. Жауап алған тергеуші сотта мұны жоққа шығарды, Таубаевтың негізсіз дәлелдемелері мен аргументтері ештеңемен расталмады, ол ешқандай дәлел келтірмеді. Таубаев тергеу барысында бопсалау фактісі туралы мәлімдеуге толық құқығы болды, бірақ олай жасамады. Таубаевтың тағы бір дәлелдемесі – қызметкерлер оған қысым көрсетіп, емделуге мүмкіндік бермегені, бұл да шындыққа жанаспайды. Біз облыстық ауруханаға сұраныс жібердік. Алынған жауап бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері аурухана ғимаратына келмеген, оны шығаруды сұрамаған және медицина қызметкерлеріне қысым көрсетпеген. Дәрігерлердің өздері Таубаевты денсаулығының жақсаруына байланысты ауруханадан шығарған, бұл медициналық құжатпен расталады.

— Өтірік, – деген сот залынан тағы да туыстарының бірінің дауысы естілді.

Сотталушы Таубаев өз сөзінде егер дәл қазір прокурорлар кінәсінің кем дегенде бір дәлелін ұсынса, кінәсін мойындау туралы келісім жасасуға дайын екенін эмоционалды түрде жеткізді.

 

— Мен Басаровқа заңсыз нұсқаулар беріп, жәбірленуші Т.-дан 7 пайыз талап еткенім жөнінде кем дегенде бір сөз, тіпті, жарты сөз болса. Міне, бір жыл, жеті ай өтті, – деді айыпталушы Таубаев.

– Мен кінәмді мойындап, өзіме 15 жыл сұрауға дайынмын. Сіз «Метрополда» қандай да бір кездесулер болды деп айтасыз, қазір көрсете аласыз ба? Біз прокурордың осы айтқанынан не ұқтық? Тағы да құр сөз ғана. Мені нақты не үшін айыптайтынын түсінбедім?! Дәлел қайда? Мен екі жылға жуық уақыт не үшін отырғанымды да білмеймін. Ұят.

Судья Зарема Хамидуллина істің мән-жайын анықтау үшін сот ісі жүргізіліп жатқанын түсіндірді.

«Мен Т.-дан ештеңе сұраған жоқпын», – дейді сотталушы.

Таубаевтың қорғаушысы Нұрлан ЖОЛБОЛОВТЫҢ пікірінше, Басаровты ұстау видеосы – деректі фильм емес, кино, ал режиссердің кім екенін, онымен кім айналысқанын ақтау үкімінен кейін анықтау керек.

«Күмән көп, ал күдіктінің кінәсіне байланысты туындаған дүдәмал тұстар оның пайдасына түсіндірілуі керек», – дейді адвокат Жолболов. – Айыптау үкімі болжамдарға негіз бола алмайды. Маған айыпталушының сөйлеу стилі ұнамайды, бірақ оның айтып отырғаны дұрыс. Айыптау актісі күмән мен қарама-қайшылықтарға толы. Еш жерде, соның ішінде «Метропол» ісі бойынша бопсалау дерегі дәлелденген жоқ. Айғақтарға да үлкен күмән бар, оларда тұрақтылық жоқ, бір-біріне қайшы келеді. Мен айыптаушы тарапынан келтірілген бұрынғы және бүгінгі дәлелдемелер ешқандай сын көтермейді деп санаймын. Мұны құжат деуге ауыз бармайды. Мен екі сотталушыны да олардың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраймын.

Сотта сотталушылар соңғы сөз сөйледі. Содан кейін сот үкімді дайындау үшін кеңесу бөлмесіне кіріп кетті. Оның мерзімі қосымша хабарланады.

Светлана НОВАК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT