Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Серік Шәпкенов: Бюджет қаржысын уақытылы игермеген басшыдан жауапкершілік қатаң сұралады

Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдай мен 2022 жылдың І жартыжылдығында бюджеттік қаржының игерілуі қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Алдыменен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов облыстағы 2022 жылдың шілде айындағы коронавирустың таралуына қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы бір тәулікте 61 коронавирустық инфекция тіркеліп, қазір 600-ге жуық адам ем алып жатыр.

- Облыста ересектер арасында - 49, ал, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 12 КВИ жағдайы тіркелген. Бүгінде облыс аумағында 2022 жылдың 18-24 шілде аралығында 322 коронавирус дерегі расталды. Яғни, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 48,3 жағдайды құрады. Өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 2 есе өсіп отыр. Алайда, қыркүйек айында бұл көрсеткіш 10 есе көбейіп, тәулігіне 600-800 адамнан коронавирус инфекциясы анықталуы мүмкін деген болжам бар,-деді М.Танауов.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Бәйдуалиевтің мәліметінше, тұрғындар арасында вакцинациялау мен ревакцинациялау қарқыны төмендеген.

- Вакцина алатын жалпы контингент 365 760 адамды құрайды. Соңғы 6 айда вакцинаның I компонентін алғандардың саны 2,4 есе төмендеп отыр. Ал II компонентін салдырғандар саны 3,1 есе азайған. Ал ревакцинация алуға жататын адамдар саны - 250 601. Бірақ, соңғы жарты жылда ревакцинация көрсеткіші 1,1 есе төмендеді. Қазір инфекциялық стационарда ем алып жатқан науқастардың 80 пайызы - вакцина алмағандар. Сондықтан олардың арасында ауру жұқтыру көрсеткіші жоғарылап тұр ,-деді Асхан Байдуалиев.

Эпидахуалмен танысқан облыс әкімі тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияның қауіпі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және қажетті дәрі-дәрмекпен жеткілікті түрде қамтуды тапсырды.

Сонымен қатар, облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілекқабыл Байдошев 2022 жылдың І жартыжылдығында қаржының игерілуі туралы баяндама жасады.
Ол бүгінде облыста 25 млрд 311 млн теңге игерілмеген екенін айтты. Оның 10 млрд. 521 млн. теңгесі республикалық бюджет трансферттеріне тиесілі.

- Бүгінде жылдық жоспарланған қаржыны игеру көрсеткіші өте төмен, бар болғаны 39,7 пайызды құрайды. I жартыжылдық бойынша даму бюджетінің игерілген үлесі - 21 пайыз. Қаржының көп бөлігі II-жарты жылдыққа жоспарланған. Оған маусым айында РБ-тен 40 млрд. теңге бөлініп, бюджетті түзету өз септігін тигізді, -деді Т. Байдошев.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі бюджеттен бөлінген қаржыны игермеген басқарма басшыларына тапсырма берді.

- Бізге республикадан үлкен қолдау көрсетіліп, трансфеттер беріліп жатыр. Берілген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып халықтың жағдайын жақсарту үшін әлеуметтік нысандар салуды тездетіп бастау міндеті тұр. Бастаған істі уақытылы әрі сапалы аяқтауымыз тиіс. Сондықтан бөлінген трансфетке талдау жасау қажет. Объективті түрде игерілмейтін қаражат болса, оны халыққа пайдасы асатын басқа нысандарға жолдау үшін қазірден бастап ұсыныс жасаңыздар. Құрылыс жүргізуге міндеттеме алынған соң, оның сапасын төмендетпей, артық шығынға жол бермей, қатаң бақылауға алыңыздар. Әр басшыдан жауапкершілік қатаң сұралады. Жоспарда тұрған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажет,-деді Серік Шәпкенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT