Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөз жүргізді. Онда екі ел президенттері арасында екіжақты сауда көлемін арттыру бойынша қол жеткізілген уағдаластықты іске асыру мәселесі талқыланды.

Келіссөзде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техни­ка­лық және мәдени-гума­нитарлық ынтымақтастықты кеңейту жоспары сөз болды. Өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік өнеркәсібі және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға назар аударды.

Ресей – Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың 11 айында өзара сауда көлемі 24,2 млрд долларға жетті. Екі мемлекет басшылары арасындағы тауар айналымын 30 млрд долларға дейін жеткізу жөнін­дегі уағдаластыққа қол жеткізу мақ­сатында тасымалданатын тауарлар аталымын кеңейту маңызды.

Кездесуде экономикалық ынты­мақтастықтың 2021–2025 жыл­дар­ға арналған кешенді бағдар­лама­сын іске асырудың оң нәтижесін атап өтіп, алдағы кезеңге жаңартылып әзірлене­тін бағдарламаны нақ­тылады. Былтыр 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 5%-ға өсіп, 3,2 млрд доллардан асқан. Өнеркәсіп кооперациясы саласында бүгінгі таңда 18,6 млрд долларлық бір­лескен 99 жоба іске асырылды. Еліміз­де жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қаралды.

«Екі ел арасындағы өзара инвестиция­лар көлемі бірқалыпты дамып жатыр. Кейінгі 20 жылда ресейлік инвесторлар 25,2 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция салды. Өз кезегінде отандық компаниялар осы кезеңде Ресей экономикасына 8,7 млрд доллар инвестиция бағыттады. Өткен жылдың тоғыз айында ғана ресейлік инвестициялардың жалпы ағыны 43,7%-ға өсіп, 22,8 млрд долларға жетті. Қазір елімізде 23 мыңнан астам Ресейдің үлесі бар компания жұмыс істейді. Жалпы, біз жаңа өндірістер құруға мүдделіміз. Ресейлік компа­ниялар­ға Қазақстанда бірлескен инвести­циялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуды ұсынамыз», деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау жоғары қарқынмен дамып келеді. Осыған байланысты автокөлік және теміржол инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ су көлігі саласында жаңа баламалы бағыттар ашуға көңіл бөлініп жатыр. Ресей Премьер-министрі Қазақстанның Еуразиядағы тоғыз жолдың торабына айналатынына сенімді екенін жеткізді.

«Біз Солтүстік-Оңтүстік халықара­лық дәлізінің дамуына үлкен көңіл бөлеміз. Болашақта ол бү­кіл еуразиялық өңір мемлекет­терінің мүддесі үшін жаһандық көлік артериясына айналатынына сенімдімін. Қазақстан Еуразиядағы тоғыз жолдың торабына айналады», деді М.Мишустин.

Олжас Бектенов Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты ынтымақтастық сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап көрсетті. Маңызды міндет – жоғары деңгейде қол жеткізіл­ген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Қазақстан Үкіметі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін айтты.

«Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз. Біздің қарым-қатынасымыз достық, тату көршілік, өзара сыйластық және бір-бірі­нің мүдделерін ескеру қағидаттары­на негізделген. Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту жөнінде маңызды уағдалас­тық­қа қол жеткізілді. Екі ел үкіметтері­нің міндеті – көшбасшыларымыз қол жеткізген келісімдердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету», деп атап өтті М.Мишустин.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар стратегиялық әріптестікті нығайтуға және барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT