Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналатынын тағы да еске салып өтті. Осы орайда жұмысшы мамандықтарын игерген азаматтардың беделін, әлеуметтік әлеуетін көтеру мәселесі басты назарда болмақ.
Статистикалық зерттеу мәліметтеріне көз жүгіртсек, 2021 жылдан бастап 2024 жылғы 1 қарашаға дейін атаулы әлеуметтік көмек алушылар құрылымын талдау барлық санат бойынша айтарлықтай қысқарғанын аңғаруға болады. Көмек алатын отбасылардың жалпы саны үш есе азайды, олардың арасында әйелдер мен балалар саны кеміген. Атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылардың саны да екі есе қысқарған, бұл соңғы 3,5 жылда төлемге қатысушылардың жалпы азайғанын көрсетеді.
Жұмыспен қамтылған халықтың құрылымында жалдамалы жұмысшылар басым. Бұл санат отбасы жағдайы бойынша барлық топтарда, оның ішінде бұрын-соңды некеге тұрмаған, некеде тұратын, ажырасқан және жесір/тұл қалғандарды қоса көрсетеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен еңбек қызметінің басқа түрлері өкілдерінің саны айтарлықтай аз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ел азаматтарының 7,8%-ының табысы жоқ. Халық құрылымында табысы орташа үй шаруашылықтары ең көп, ал табысы төмен топтар азырақ үлесті құрайды. Халықтың ішінде ауқатты топтар маңызды орын алады, бірақ ең аз үлес ең жоғары табыс санатына жатады.
Елімізде балалары бар, еңбекке жарамды жастағы әйелдер еңбек нарығында қалуға талпынып жатыр. Экономикадағы өзгерістер баланың дүниеге келуіне байланысты білікті мамандардың еңбек нарығынан кетпеуін талап етеді. Сондықтан отбасылардың баланы ерте оқыту және тәрбиелеу сапасына зиян келтірмеу үшін жұмыс істеу және балаларға қарау мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет.
Бекзат Құрманқызы,
сарапшы