Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров атыраулықтармен кездесті

«Мұнайлы өңірге сапары аясында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Атырау жұртшылығымен кездесті» деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Сайлау органдары әкімдіктерден тәуелсіз болуы керек. Және сайлау кезінде түрлі бұрмалаушылықтарға жол берілмеуі тиіс. Ел аралап, алыс ауылдағы ағайынның пікірін тыңдаудағы сапарымыздың мақсаты осы» деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Атырау жұртшылығымен кездесуде.

Басқосуда ауыл әкімдерінің сайлауы, учаскелік сайлау комиссиялары жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету, байқаушыларға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді.

Айталық, ауыл әкімі лауазымына кандидат ретінде тіркелу үшін, үміткердің мемлекеттік қызметте еңбек өтілінің болуы - міндетті талап ретінде қойылады. Қоғам белсенділерінің пікірінше, бұл талап адамның құқығын шектейді. «Мейлі ауыл әкімі, тіпті Президент сайлауында да өз кандидатурасын ұсынуға кез-келген адамның конституциялық құқығы бар. Сондықтан, мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілі міндеттелген талап мүлде алынуы керек» дейді белсенділер.

Сайлау процесіне тікелей қатысып жүрген қоғам белсенділерінің айтуынша, партия өкілдерінің сайлау учаскелеріне байқаушы ретінде кіруінде де бірқатар проблемалар бар.

«Егер, байқаушының құжаттары заң талаптарына сәйкес рәсімделген болса, ол сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруі қажет. Және бюллетень санау сынды маңызды процестер кезінде байқаушы барлық үрдісті толық көре алатындай қашықтықта отыруы керек» деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Жиын барысында сайлау кезінде электронды дауыс беру мүмкіндігінің болашағы мәселесі де көтерілді. «Шыны керек, сайлаушылардың электронды түрде дауыс беруін ұйымдастыру өте көп қаражатты қажет етеді. Бұған дейінгі тәжірибе электронды дауыс беру мүмкіндігін сайлаушылардың тым аз бөлігі қолданғанын көрсетті. Дегенмен, бұл мәселе әлі де зерттеледі. Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз бар. Смартфонды күнделікті қолданатын жастар бар. Сондықтан, электронды дауыс беру мүмкіндігін қалдыру, қалдырмау мәселесі жан-жақты зерттелгеннен соң шешіледі» деп түсінік берді спикер Нұрлан Әбдіров.

Еске сала кетелік, елімізде облыс, қала, аудан деңгейіндегі 234 аумақтық-территориялдық сайлау комиссиялары бар. ​ Республика бойынша сайлау кезінде 10 мың учаске, 70 мың комиссия мүшесі жұмыс істейді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521