Жақында Сағыз ауылында сәбилер мен аналарға арналған массаж орталығы ашылды.
"Жақсыны көрмек үшін"дегендей, біз де келіп жеттік. Кезекте 2-3 адам тұр екен. Оларды сөзге тарттық.
- Ауылымызда массаж кабинеті ашылғанына қуаныштымыз. Бұл сәбилеріміз үшін де, аналар үшін де жақсы мүмкіндік болды. Осы уақытқа дейін аудан, облыс орталығына шапқылайтынбыз. Гүлбақыт қызымның қолы жүмсақ, жеңіл екен. Аяғым бастырмай, қиналып жүр едім. Осымен екінші рет келіп тұрмын,-деді Несібелі әже.
- Мына балам мойнын ойнап жүріп қайырып алып, массаж ашылыпты дегенді естіп келіп отырмын,- деп сөзге араласты Раушан атты көп балалы ана . Иә, кірген бойда жып-жинақы, тап-таза шағын ғана бөлмеде жылылықтың лебі еседі.
- Өзімнің туып өскен жерім- Қызылорда қаласы, киелі Сағыз топырағына келін боп түскеніме төрт жылдай уақыт болды. Мен бала күнімнен балаларға массаж жасауды жақсы көремін. Қанша шаршап тұрсам да, ауырып тұрған адамға массаж жасап бастаған сәтте шабытым ашылып, алақаным ысып, желкем босаңсып, күш жинағандай боламын. Мектеп бітірген соң, осы кәсібімді жоғары дәрежеде шыңдағым келді. Бірақ, әкемнің тарапынан қолдау таппаған соң, дизайн мамандығын бітірдім. Студенттік шақта бірге оқыған қыздар ауырып қалса, бәрін массаж жасап емдеп алатынмын. Содан өзім жеңілденіп, бойым сергіп қалатын. Алланың қалауымен өмірлік жолдасымның әкесі де сынықшы кісі боп шықты. Үйге адам көп келеді, сондайда атама көмектесуге дайын тұрамын. Биыл отбасымның келісімімен, бала күнгі арманым-массаж жасаушыларға арналған курсты Алматыдан оқып келдім. Осы алған білімімді одан әрі ұштай түсіп, халқыма бір көмегім тисе, соның өзі маған зор қуаныш. Келушілер саны күннен-күнге артуда. Карантин кезіндегі барлық сақтық шараларын сақтай отырып, бетпердемен, бір реттік медициналық қолғаппен, алдын-ала жазылу арқылы тіркеймін. Бала - біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Қазіргі кезде сәбилердің арасында дисплазия, гидроцефалия көп кездеседі. Дисплазия дегеніміз- жамбас сүйек ұршығының өспей қалуы. Оны емдеу шарасына уқалау және физиотерапия (парафин, электрофорез), емдік жаттығу жатады. Ал гидроцефалия деп мидағы су мөлшерінің шамадан тыс көп болуын айтады. Емдеу жолдарына тоқталатын болсам, массаждың қатайту және босату түрлері қолданылады. Осындай массаж түрін 10 күн үзбей қабылдап, аз ғана үзілістен кейін тағы да жалғастыру қажет. Массаждың пайдасы- баланың қан айналымы реттеліп, бойын ширақ ұстайды, сонымен бірге қол-аяғының ұзаруына, мойнының созылуына да әсері бар және баланың иммундық жүйесі көтеріліп, асқа деген тәбеті ашылады, түнгі ұйқысы тыныш болады. Бұдан да басқа қақырық түсіретін, гипертонустық, жалпылама массаж түрлері бар. Аналарға, қыз-келіншектерге жауырын, аяқ, белге толықтай массаж жасалады, бет терісіне арнайы құрылғымен жылы пар жібере отырып, тазалап беремін. Көп сұранысқа ие болған парафинге де қол жеткіздім, бұл парафиннің пайдасы өте зор, бір жағынан ем болса, екінші жағынан қолды нәзік әрі жұмсақ етеді, бағасы да қол жетімді,- дейді бізбен әңгімелескен массаж жасаушы Гүлбақыт Күнібаева.
Массаж кабинетін жасақтауға «Ауылшаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалы арқылы несие алған Гүлбақыт қажетті заттарын алуға жұмыстанғаны көрініп тұр. Жатын керует, бір реттік жаймалар, денеге жұмсақ сүлгілер, әртүрлі қондырғы аппараттар, балаларға арналған ойыншықтар, бөлмеге ілінген суреттер- жаныңа керектінің бәрі бар. Халқымыздың игілігі үшін кішкентай да болса қуаныш сыйлағысы келген Гүлбақыт Әбиболлақызының бастаған ісіне біз де сәттілік тіледік.
Сайран БОРАНҚЫЗЫ,
Сағыз ауылы