Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ел сыйлаған абыз

Қашанда «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейтін қазақ халқы қариясын төріне шығаратыны ақиқат. Сол қарияларымыздың дені бүгінгі атқан бейбіт таңымыздың себепшісі соғыс майдангерлері мен тыл еңбеккерлері екені даусыз. Майдан мен тыл егіз ұғым іспетті. Неге десеңіз? Бірі мылтықпен, бірі мылтықсыз жанкешті шайқаспен бетпе-бет келді.

Бүгінгі күннің қариясы сол соғыс уақытында буыны қатпаған бала бола тұра, таңмен таласа тұрып, елдің бейбітшілігі үшін барлығын жасауға дайын тұрды. Осылардың бел ортасында қазіргі таңда Мұқыр ауылында тұратын Ораш Өтегенов те бар еді. Ол 1931 жылдың 5 қаңтарында Мұқыр ауылында дүниеге келді. Жеті жасында мектеп табалдырығын аттап, соғыс салған ылаңнан ерте есейді. Әкесі Матай Өтеген соғысқа елін қорғауға аттанды.

- Соғыс. Майдан мен тыл ардагерлері. Барлығы да құрметке лайықты азаматтар ғой. Бүгінгідей бейбіт балалық шақты аңсаған күйі, тылда еңбек еттік. Біз қатарлы балалар шаруадағы аналарының қасында еріп жүретін. Қыста мал суарысып, малға пішен салысып, ауланың қарын күреп, үлкендерге қолғабыс беретінбіз. Пішен шабу науқаны кезінде шөп тасыдық. Аш құрсақ бола жүріп, қой бақтық. Бірақ елдегі адамдар ондай-ондай қарын аштығына қарамастан, рухын биік ұстады. Әрине, осындай қиыншылықты бастан өткере жүріп, елге адал қызмет жасадық. Ұрпақ тәрбиелеп, оларды өсіріп жеткіздік, - дейді кейіпкеріміз.

Ал Ораш қартпен бірге тылда еңбек еткен досы Талап Мұсағали былайша тебірене сыр ақтарды: «Орашпен соғыс жылдарында бірге тылда еңбек еттік. Шопандарға қой бағыстық. Ол кезде қойды сауып, «брензеге» дайындайды. Соған білек сыбана атсалыстық. Сондай-ақ, сол шақта қозыны бөлек бағады. Аяққа киетін аяқ киім болмағандықтан, жалаң аяқ жүріп қозы бағып, небір қиыншылықтарды бірге көрдік. Қазіргі кезде Орашпен сыйластығымыз бұзылған емес. Қонақтықтарда сол кездерді еске алып әңгімелесіп отырамыз. Ораш ауылға сыйлы құрметті азаматтың бірі». Соғыс аяқталғанымен, халықтың әл-ауқаты бірден түзеле қоймады. Ораш Матайұлы 1949 жылы жүргізушілік курс бітіріп, 1960 жылға дейін жүргізуші болып жұмыс жасайды. Жүргізуші бола жүріп, 1973-1978 жылдары Гурьев политехникалық техникумын сырттай оқиды. 25 жыл механик-гараж меңгерушісі болса, сегіз жыл инженер МЖФ (механизированный животноводского фирма) болып еңбек етеді. Жалпы алып қарасақ, кейіпкеріміз өмірінің 44 жылын еңбек етуге арнаған азамат.

Осылайша, 1993 жылы зейнеткерлікке шығады. Әрине, қазыналы қартымыз еңбек ете жүріп, 1955 жылы Теңге Есқалиевамен шанырақ көтереді. Алты ұл, төрт қыздан тараған 18 немере, 14 шөбере, 12 жиеннің ардақты ата-әжесі болып жапырақтары жайқалып отыр. Бүгінде Ораш қария тоқсан жасты алқымдағанымен немере-шөберелеріне бар білгенін үйретіп отырса, Теңге әжеміз 83 жасқа келген.

Осы тұста, Атырау қаласында тұратын қызы Гүлмира:

- Біз әке мен шешенің толыққанды тәрбиесін көрген отбасында тәрбиелендік. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, әке-шешемізден көрген тәрбиеміздің арқасында бүгінде бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған жайымыз бар. Балаларым нағашы ата-әжесіне жиі барғанды жақсы көреді. Әкемнің салмақты әңгімелері, мағыналы өсиеттері, анамыздың балдай тәттілері оларды баурап алған. Қарттар күні қарсаңында, әкеміз соғыста болмағанымен соғыс салған зұлматтың қиыншылығын көріп, 10 баласын өсіріп жеткізгені үшін алғысымды білдіремін. Қазыналы қарттарымыздың балаларының төрінде немерелеріне батасын беріп отырғанын қалаймын, - дейді ағынан жарылып.

Шын мәнінде қарттарымыздың әр шаңырақтың төрінде отырғаны құба-құп. Десек те, қарттар үйіндегі қариялар қатарының артуы, өскелең ұрпақтың тәрбиесінде кеткен қателік екені сөзсіз. Биылғы жылы кейіпкеріміздің өмірлік серігі Теңге Есқалиевамен шаңырақ көтергендеріне 65 жыл толып отыр. Ораш атамыз соғыс жылдарында тылда еңбек еткені үшін «Жеңіске 60, 65, 70, 75 жыл», «Лениннің 100 жылдығы», Еңбек ардагері (Ветеран труда) медалдарымен марапатталған. Сондай-ақ, ауданның Құрметті азаматы. Хас батырымыз Бауыржан Момышұлы «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген болатын.

Расында, қазыналы қарттарымыздың тылдағы адал еңбегі, аянбай тер төгуі әркез біздің мақтанышымыз. Осы орайда, ауылдың абыз қарттарына әлі де болса құрмет, мұқтаж қарттарға көмектер жасалса нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521