Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Еңбекпен есейген азамат

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қазақ халқы қашанда үйдегі үлкенін қазына, байлыққа теңеген. Себебі, көпті көрген қариялардың айтар ойы, баталы сөзі көпшіліктің жанына қуат, жүрегіне шуақ сыйлары сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, жамбылдық Берген Берікқалиевтың шоқтығы биік.

1941 жылы дүниеге келген оның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Бала болып жарытып ойнамаған ол соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде қара жұмысқа жегілді. Бұғанасы бекімеген бала Берген ауыр жұмыстың арқасында ерте ер жетті.

– Әке-шешеміз Берікқали мен Збира да қарапайым еңбек адамы еді. Әкем соғыстан кейін өмір бойы шопан болса, анам Орал қаласына арбамен астық тасып, колхоздың тапсырмасын орындады, – деп еске алады кейіпкеріміз.

Ата-ананың ізгі жолын жалғаған Берген кейіпкеріміз 1959 жылы түбегейлі мал бағумен айналысты. Жастайынан көзі малмен ашылған ол шопан таяғын ала сала еселі еңбегімен бірден көзге түсті. Екі мәрте Ақтөбедегі, бір мәрте Алматы қаласындағы жас шопандар слетіне қатысып, сыйлыққа қосауыз мылтық алған санаулы малшылардың бірі болды. Кейіннен ауылдық кеңестің депутаттығына сайланды. Ал, 1967 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін совхоз директоры Сайпол Мұқанов оны Доссорға көлік жүргізушісі оқуына жіберіп, жүргізушілік куәлікті қолына алды. Көп ұзамай өмірлік серігі Ақзер Қабдоловамен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Өзі совхозда автокөлік жүргізушісі болса, жолдасы Ақзер қой қырқу, тері сұрыптау, от жағу сынды түрлі ауыр жұмыстарды жасап, екеуі ауданның «Қызыл тулы Қызылқоға» атануына зор үлестерін қосты. Совхоздың отымен кіріп, күлімен шыққан ерлі-зайыптылар 5 ұл, 2 қызды дүниеге алып келді. Әкенің тәрбиесін, ананың тәлімін көрген балалалар да жаман болып өскен жоқ. Үлкен ұлы Ербосын бүгінде Атырау қаласындағы Атырау жылу стансасында жұмыс жасаса, басқа балалалары әр түрлі салада қызмет етеді. Ал, қолындағы кенжесі Аманбек Берікқалиев «Қаракөл» мәдениет үйінде әдіскер әрі ауылдың белгілі өнерпаздарының бірі. Бүгінде ұл-қыздарының арқасында құдандалы болып отырған кейіпкеріміз 16 немере, 5 жиен, 5 шөбере сүйіп отырған ардақты ата-әже. Қазыналы қарттардың қадірін білген ұл-қыздары осыдан екі жыл бұрын ата-анасының отау құрғандарына 50 жыл толуына орай «Алтын тойларын» өткізді.

Келесі жылы мерейлі сексен жасқа толатын Берген ақсақал:

– «Жасында бейнет көрсең, қартайғанда зейнетін көресің» деген рас екен. Аллаға шүкір, қазір жан-жарым екеуміз бұрынғы көрген бейнеттің зейнетін көріп, ұл-қыз, немере-жиендердің арқасында шалқып күн кешіп жатырмыз. Тек мені толғантатыны – қазіргі ауыл-елдің жайы, өзеннің уайымы. Бұрын совхоздың кезінде теңіздей буырқанып тасып жатқан Ойылдың бүгінін көрсем жанарға жас үйіріледі. Бұдан бөлек менің көптен айтып жүрген ұсынысым – ауылдық округтің атауын өзгерту. Кеңес үкіметі тұсында атақты Абай совхозы болған ауылды бертін келе Жамбыл ауылдық округі деп атады. Меніңше сол атауды Абай деп өзгерткен абзал. Себебі, біздің ауыл Абай атамыздың ескерткіші тұрған аудандағы жалғыз округ. Әрі биыл ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл. Міне, осыны ескере отырып, Жамбылды «Абай ауылдық округі» деп өзгерткен дұрыс, – дейді ақсақал.

Берекелі де, мерекелі шаңырақ атанып отырған Берген қарияның көршілері де бұл отбасын ауылдағы үлгілі үйлердің бірі деп санайды. 1984 жылдан бері көрші тұратын Қыдырғали Есбаев:

- «Құдай қосқан көршілеріміз өте жақсы адамдар. Жүзінен мейірім төгіліп тұратын оларды менің балаларым да «Ата-әже» деп атайды. Бұл да болса ол кісілердің тек үлкенге ғана емес жастарға да сыйлы екенін дәлелдейді» деген пікір білдірсе, және бір көршісі Үміт Есіркепова «Отыз бес жылдан астам көрші болсақ та бұл кісілердің бір жаман мінезін көрген емеспіз. Қуанышта да, қайғыда да бір-біріміздің қасымыздан табылып, үнемі қолдау білдіріп жүреміз» дейді.

Балалық шақтары соғыс жылымен тұспа-тұс келіп, кейіннен ауыр еңбекке жегілген кейіпкеріміз қай жағынан болса да көпке үлгілі отбасы. Бүгінде олар ауыл-елдің той-садақасында батасын беріп, көпке ақылын айтып, жол көрсетіп жүрген қазыналы қариялар. Ендеше, осындай қадірі биік, өмірі өнегеге толы қарттарымыз көп болсын.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521