Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Референдум: Конституцияда не өзгеруі мүмкін?

Қазақстан азаматтары түзетулерге дауыс берсе, еліміздің бас заңы қандай болмақ.

Референдум - мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу деген мағынаны беретін ұғым. Алғаш рет бұл сөз 1802 жылы Швейцарияда қолданылды. Содан бері ол елде 521 рет өткізіліпті. Ал тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы Референдум сонау 1995 жылы өткізіліп, бірауыздан Ата Заң қабылданды. Содан бері екі мәрте өзгеріске ұшырады.

Араға 27 жыл салып, 5 маусым күні Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық төртінші референдум өтеді. Әлемдік практикаға жүгінетін болсақ, халықтың еркін түрде жасалған әділетті таңдауының арқасында ең озық дамыған мемлекеттер қазіргі дәрежеге жетіп отыр. Жалпыхалықтық талқылауға салынып, еліміздің Конституциясына да заман талабына сай өзгертулер енгізілуі тиіс. Сонда ғана біздің қоғамда ілгері даму болады.

Өлім жазасына түпкілікті тыйым салу

Конституцияның қолданыстағы редакциясында мемлекетке опасыздық жасаған, террористік қылмыстарға бел буған азаматтар өлім жазасына кесіледі делінген.

2021 жылдың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өлім жазасын толығымен алып тастау туралы заңға қол қойды. Ол бірқатар құқық қорғаушылардың пікірімен келісіп, заңның күшін мүдірместен жою керектігін хабарлады.

Алайда, конституцияның жаңа редакциясында 15-баптың 2-тармағы келесідей болмақ: «Адамды өз еркімен өмірінен айыруға ешкімнің құқығы жоқ, өлім жазасына тыйым салынады».

Кім ендігі партиялық емес?

Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Қазақстан Президенті өкілеттігі кезінде ешбір саяси партияның мүшесі болмауы керек екенін бірнеше рет атап көрсетті. Ал 26 сәуірде мемлекет басшысы өзі басқарған «Аманат» (бір кездегі «Нұр Отан») партиясынан шықты. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов партияның жаңа төрағасы атанды.

Конституцияның жаңа редакциясында республика президенті саяси партияның мүшесі болмауы тиіс деп жазылған.

Бұл мүмкіндік те жоққа шығарылады:

Конституциялық Соттың төрағалары мен судьялары;

Жоғарғы Соттың және басқа соттардың судьялары;

Орталық сайлау комиссиясының төрағалары мен мүшелері;

Жоғарғы есеп палатасының төрағалары мен мүшелері;

Әскери қызметкерлер;

Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері;

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Бірінші президент енді президент бола алмай ма?

Конституцияның 42-бабында ерекше пункт бар. Бір адам екі реттен артық Қазақстан президенті болып сайлана алмайтыны айтылған. Бірақ бұл шектеу қазір республиканың тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты емес.

Алайда, жаңа Конституцияда бұл тармақ өзгертіледі. Сөйтіп, Нұрсұлтан Назарбаев президенттік сайлауға қайта түскісі келсе, екі мерзімнен артық билік жүргізу құқығынан айырылады.

Сонымен қатар, бапта «бұрынғы президенттер» атауы «экс-президенттер» деп ауыстырылады.

Президенттің туыстары мемлекеттік қызмет атқара алмайды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа Конституцияға «Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ» деген тармақ қосу ұсынылды.

Ендігі Елбасы мәртебесі Конституциямен белгіленбей ме?

Конституцияның 46-бабынан «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады» деген тармақты алып тастау жоспарланды.

Тұңғыш президент мәртебесі тұрақты деп көрсетілген 91-баптағы ақпарат жойылады.

Билік иесі-халық?

Артық түсіндірмелерден гөрі, қалай болғанын және ендігі қалай түрленетінін салыстырмалы түрде көрсетсек жөн.

Конституцияның 6-бабының 3-тармағының қолданыстағы редакциясында:

«Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде».

Жаңа редакцияда:

«Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп өзгертіледі.

Президент кейбір өкілеттіктерін жоғалтады

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқару түріне көшу қажеттілігі, ал парламентке көбірек өкілеттіктер берілуін атап көрсетті.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті бұдан былай облыс, республикалық маңызы бар қала мен астана әкімдерінің шешімдеріне араласуға құқығы жоқ. Тіпті, бұл тармақты Конституциядан түбегейлі алып тастау жоспарланып отыр.

Қазір Қазақстан Президенті Сенатқа 15 депутатты тағайындайды. Конституцияның жаңа редакциясында президент тек Сенаттың 10 депутатын белгілейді. Оның бесеуі – Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ұсынысы бойынша тағайындалады. Бұл белгілі-бір дәрежеде мемлекет басшысының парламентке ықпал ету әсерін төмендетеді.

Сонымен қатар, президент облыс, қала және астана әкімдігіне кандидаттарды осы облыстар мен қалалар мәслихаттарының депутаттарымен келісіп сайлайды. Мемлекет басшысы екі кандидаттан артық ұсына алмайды. Көпшілік кімге дауыс береді, сол әкім болып сайланады.

Президенттің жаңа өкілеттіктері

Заң бойынша Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық банктің төрағаларын және Бас прокурорды тағайындайды. Енді ол Жоғарғы Сот Кеңесі мен Конституциялық соттың төрағаларын да белгілейді.

Әрине, ол үшін сенат келісімі де қажет болады.

Сенат ендігі заң қабылдамайды

Сенаттың заң қабылдамай, тек мәжіліс бекіткен заң жобаларын мақұлдауын немесе кері жібереуін жүзеге асыру да Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы.

Қазір Конституцияда заңнамалық актілер депутаттар жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Жаңа редакциясында заңдарды Мәжіліс қабылдайды, ал Сенат бекітетін болады.

 

Egemen.kz



 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT