Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты бейнеүндеуі көптің көкейіндегісін дөп басқан маңызды мәлімдеме болды.
«Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата Заңымызға өзгерістер енгізу қажет», деген Президент Конституцияның үштен бірі халық қалаған өзгерістер негізінде реформаланатынын жеткізді. Бұл – ауқымды өзгеріс, ел тарихындағы аса маңызды қадам болмақ. Барлық өзгеріс пен толықтырудың елдің талап-тілегі арқылы жүзеге асатынын жеткізген Мемлекет басшысы 5 маусымда республикалық референдум өткізуді дұрыс деп тапты.
Бұл – барлық реформаның елдің пікірі арқылы ғана қолданысқа енетінін білдіреді. Сондай-ақ бұл бастамалар Президенттің өкілеттіліктерін күшейтуге емес, ықпалды Парламент құру арқылы қоғам үнін ескеретін Үкіметті қалыптастырудың алғышарты екені айдан анық. Қалай десек те алдағы өзгерістер ел тарихындағы аса жауапты, маңызды кезең болары анық. Сөз жүзіндегі емес, халық игілігін көретін, ширек ғасырдан астам уақытта қол жеткізген құндылықтарымызды қастерлеу арқылы жаңа белеске қадам басатын Жаңа Қазақстанның болашағы үшін әрбіріміз референдумға қатысып, өз таңдауымызды білдірейік. Бұл – біздің азаматтық, осы елдің ертеңіне алаңдайтын перзенті ретіндегі борышымыз.
Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
Amanat партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы