Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

РАДИОФОБИЯ: АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ!

Соңғы уақытта Атырау өңірінің тұрғындары байланыс сапасының нашарлауына байланысты жиі шағымдануда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тіпті, жұмыстың 80-90 пайызы онлайн режимге ауысқан пандемия кезінде де ғаламтор жылдамдығы дәл бұлай төмендемеген болатын. Бұған себеп көп. Соның бірі – тұрғындар қатарының артуы. Яғни, қызмет көрсетушілер абоненттерді түгел қамтып үлгермей жатады. Екіншіден, мобильді байланыс операторлары қызмет сапасын жақсартуға асықпай отыр. Бұған не себеп? Мұны біз «Beeline» деген белгілі атаумен қызмет көрсететін «Кар-Тел» ЖШС-нің техникалық бөлім басшысы Андрей Изосимовтан сұрадық. Оның айтуынша, базалық стансаны қондыруда күрделі мәселелер бар. «Көптеген тұрғындар антеннаның үйлеріне жақын орналасуына қарсы. Біз бір биік тұрғын үйге антенна орнатқан бойда тұрғындар жиналып, қарсылық танытып жатады. Бұл – олардың радиофобиясынан туындап отырған жайт. Олар антеннадан зиянды сәуле бөлінеді деп ойлайды. Ал, шын мәнінде бұл олай емес. Антенналардың еш зияны жоқ» дейді ол. Сондай-ақ, қылмыстық-атқарушы жүйе нысандары да өз аумақтарында бірнеше шақырымды қамтитын жоғары қуатты құрылғылар орнатуда. Мұның да өз әсері бар. Бұл туралы біз Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы радиобақылау бөлімінің басшысы Рүстем Нұрғалиевтен білдік. «Соңғы жылдың ішінде байланыстың нашарлауына байланысты түскен шағымдар үш есеге артты. Сол бойынша біз тексеріс жүргізіп, қолайсыздықтарды жоямыз. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай. Жалпылама жұмыс жемісін беріп жатқан жоқ. Былтыр байланыс операторларына айыппұл салуға қауқарлы болдық, бірақ биылдан бастап олардың қызметін тексеруге тыйым салынды. Алмагүл ықшамауданының тұрғындарынан да өткен жылы байланыстың жоқтығына қатысты көп арыз түскен еді. Өйткені, онда әйелдер колониясы орналасқан. Бұл мәселе өзара келіссөздер жүргізіліп, шешімін тапты. Алайда, жақында тағы да бір мәселе туындады. Бұл «УГ-157/9» түзеу мекемесінің жаңа құрылғыларды қондыруына байланысты. Бұдан Тасқала, Водников, Көкарна және АМӨЗ маңындағы тұрғындар зардап шегуде. Мұның да шешімін табуға аталған мекеме басшылығы да көмектесуге дайын» дейді ол. Айта кетейік, облыста 153 елдімекен бар, оның ішінде «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елдімекендерде интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету» жобасына сәйкес 132 елдімекенге интернет желісі жүргізілген. Бұған дейін 250 тұрғыннан жоғары ауылдық елдімекендерге интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша Атырау облысының 7 елдімекеніне интернет желісі тартылды. Яғни, Индер ауданының Құрылыс ауылы, Исатай ауданының Нарын, Жаңа Жанбай ауылдары, Құрманғазы ауданының Шағырлы, Ғ.Әліпов, Жамбыл, Афанасьев елдімекендері интернет желісіне қосылды. Сонымен қатар, Еркінқала-2, Ақжар, Ақжар-2, Жұлдыз-3 елдімекендерінде жаңа базалық интернет станциялардың қосымша құрылысын салу жоспарлануда. Байланыстың сапасы – басты мәселелердің бірі болуына байланысты оның сапасын жақсарту бойынша тексеру шаралары күшейтіліп, айыппұл механизмі арқылы байланыс операторларының белсенділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көрсетілетін қызметтердің сапасы үшін байланыс операторларының жауапкершілігін арттыру мақсатында 2022 жылы Министрлік айыппұлдарды ұлғайту үшін заңнамаларға түзетулер енгізді (100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін және қайталап бұзған үшін 200 ден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін). Бұл түзетулер 2022 жылдың 10 қыркүйегінен бастап күшіне енді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT