Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Әр тамшыға жауапкершілікпен қараған жан

Абай айтқандай, әркім өмірдің өз «кетігін тауып, қаланғаны» абзал. Сол кетіктің бір ұшы – адал еңбекке, қарапайым мамандықтарға тірелетіні анық. Еңбек адамы – қоғамның көрінбес қаһарманы. Бүгінгі таңда әр шаңырақтың берекесі мен тыныштығы, әрбір жанның денсаулығы қарапайым жұмысшы мамандардың маңдай тер еңбегіне тікелей байланысты. Солардың бірі – «Атырау облысы Су Арнасы» КМК Исатай аудандық филиалы сату бөлімінің технигі Джалекеева Сандуғаш Ғайнеденқызы.

Салаға 2016 жылы алғашқы қадамын басқан Сандуғаш Ғайнеденқызы еңбек жолын Қамысқала су арнасында бақылаушы болып бастаған. Ал 2018 жылы техник қызметін атқарып, кәсіби тәжірибесін шыңдады. Осылайша араға жылдар салып, кейіпкеріміз 2021 жылдан бері «Атырау облысы Су Арнасы» құрамында сату бөлімінің технигі болып қызмет етіп келеді. Білім саласы бойынша есеп және аудит мамандығын меңгерген ол бүгінде алған білімін тәжірибеде тиімді қолданып жүр.

– Су – тіршіліктің көзі. Әрбір тамшының артында халықтың денсаулығы мен тұрмысы тұр. Сондықтан біздің жұмысымыз аса жауапкершілікті талап етеді. Абоненттермен тығыз байланыс орнатып, судың көлемін есептеу, көрсеткіштердің дұрыстығын қадағалау – күнделікті атқаратын міндетіміз. Бұл қызметтің мәні – халыққа әділ әрі сапалы қызмет көрсету,-дейді ол өз сөзінде.

Әрине, бұл салада қиындықтар да жоқ емес. Кейіпкеріміздің айтуынша, қазіргі таңда халықпен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Әсіресе бақылаушы қыздар су есептегіш құралдарды тексеруге барғанда түрлі кедергілер кездеседі. Кейбір тұрғындар үйіне кіргізбесе, кейбірі отбасы мүшелерінің нақты санын жасырады. Ал ақысын уақытылы төлемейтіндер де көптеп кездеседі. Осындай сәттерде қызметкердің сабыры мен төзімі сыналатыны сөзсіз.

Соған қарамастан Сандуғаш Ғайнеденқызы өзінің кәсібін адалдықпен атқарып, еңбек адамына тән табандылық пен қарапайымдылықты қатар ұстанып келеді.

– Адамдардың алғысын есту – біз үшін ең үлкен қуат. Бұл жұмыс мен үшін жай ғана қызмет емес, халыққа ең қажетті – тіршілік нәрін жеткізудегі үлкен жауапкершілік,-дейді ол.

Ауданымызда соңғы жылдары ауыз су жүйесін жетілдіру бағытында бірқатар оң өзгерістер бар. Әлі де шешімін күткен мәселелер жоқ емес, дегенмен «Су Арнасы» ұжымы жоспарлы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруда.

Осындай кейіпкерлеріміз– ауданымыздағы еңбек адамдарының айқын үлгісі. Қарапайым жұмысшы маманның адал еңбегі – қоғамның тірегі. Біз осындай жандардың еңбегін ардақтап, маңдай терін бағалау арқылы ғана елдің еңсесін көтереміз.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT