Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚР Құрметті жолшысы Сейітжан Молдашев: «Жол құрылысы қарқын алды»

Тамыздың екінші жексенбісі құрылысшылар күні. Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына бірден бір үлес қосқан мамандық иелері болса, солардың қатарында құрылысшылардың орны бөлек. Мерекеге орай Қазақстан Республикасының Құрметті жолшысы, жол саласының ардагері Сейітжан Молдашевпен тілдесудің сәті түсті. Әңгімеміз Атырау облысында қарқын алған жол құрылысы туралы өрбіді.


Көбіміздің түсінігімізде құрылысшы ғимараттар салуға тікелей атсалысатын маман иелері. Ал, қала мен даланы, елмен елді құрлықта байланыстыратын жол құрылысына жауаптылардың еңбегін де естен шығармағанымыз жөн. Бүгінде елімізде тақтайдай тегіс жол төсейтін жолшы-құрылысшыға деген сұраныс өте жоғары» деп бастады әңгімесін ардагер.
Қызылқоға ауданының тумасы Сейітжан Молдашев кезіндегі Гурьев Ауылшаруашылық техникумын тәмамдаған. Кейін М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы» мамандығы бойынша жоғары білім алып, «инженер-құрылысшы» біліктілігі берілген. «Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалында жиырма жылдан астам уақыт еңбек еткен Сейітжан Молдашев осы мекемені он жылдан астам уақыт басқарып, облыстағы жол құрылысының қарқын алуына өз үлесін қосқан жан.
Кәсіби маман «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облыстың жол саласында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасадым. Жолдардың сапасына сын көп айтылғанмен, бұл саладағы ілкімді істер қуантады. Егемендікке дейін, жол салу дегенді үш ұйықтасақ түсімізде көрмедік», - дейді.
-1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздікке қол жеткізіп, қуанғанымызбен әр салада шаруаның қиыны кетіп, қиуы келіспеді. Өте ауыр күндерді бастан өткердік. Елде қаржы тапшылығы сезіліп, жұмысшылардың жағдайы күрт нашарлады. Ақшаның жоқтығынан еңбекақы орнына азық-түлік таратылды. Дәл осы кезеңде, басқа сала мамандарымен бірге кәсіби жолшылар да мамандықтарын тастап кетті.
Бұл қиындықтар 1996 жылға дейін жалғасқан. Ол кезде дала тұрмақ қаланың өзінде асфальт төселген жолдар саусақпен санарлық еді. Қаланың Ленин, Советский деп аталатын басты көшелері ғана тегістелген. Қалған жолдар жаңбыр болса балшық, қар жауса мұз қатып халықтың жүріп-тұруына қиындық туғызды. Ардагер Тәуелсіздікке дейін қазақ жерінде жол салынбағанын айтады. Қарқынды жол құрылысы - Тәуелсіздік жемісі,- дейді.
«Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында үкіметте жолдың күйін жақсарту мәселесі көтерілді. Бұл салаға жергілікті және республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, еліміздің түкпір-түкпірінде жол құрылысы басталды, -деп еске алады кейіпкеріміз.
- Атырау облысында 1120 шақырым республикалық маңыздағы автомобиль жолы бар. Мұнайлы аймақта алғашқы ірі жол құрылысы 2002 жылы басталды. 2003-2005 жылдар аралығында «Атырау-Орал» тас жолының 5-189 шақырымында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жолмен жүргендер біраз азабын тартқан еді. Атыраудан таңертең шыққан жолаушы 18 сағат жол жүріп, Оралға түндетеліп жететін. Үш жыл ішінде бұл жол тақтайдай тегістеліп, екі қаланың арасы 8 сағатқа қысқарды. Атырау мен Ақтау арасында да жол болған жоқ. Мына тұрған Құлсарыға жету үшін де бір күн уақыт кететін. Бұл жол да салынып, халық қиындықсыз қатынауға мүмкіндік алды.

Қазір «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» жолын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жол жоғары сапада салынып жатыр. Оны тапсырыс берушілер мен қатар елімізде соңғы жылдары құрылған «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы қатаң қадағалап, тексеріп отыр.
-Бұрынғы «Атырау жол зертханасы» ізімен құрылған мекемеге артылған жүк ауыр деп білемін. Өйткені, еліміздегі жолдардың сапасына сын көп айтылып, көңілден шықпай жүр. Енді ұлттық орталық мамандары жұмыстарын адал атқарып, жолдардың сапасы жақсара түседі деген ойдамыз.
Ардагерді жергілікті маңыздағы «Атырау-Индер-Миялы-Сағыз» жолының жағдайы да алаңдатып отыр. Құрылысы басталған қатынас құралы ыждағаттылықпен салынса,- дейді.
Ұзақ жыл жол саласында еңбек еткен Сейітжан Молдашев ізінен ергендерге ақыл-кеңесін аямайды. «Жол сапасы неге сын көтермейді?» деген сауалымызға бірнеше жауап айтты.
-Қазір республикалық жолдар сапасы әлдеқайда жоғары. Өйткені, салыну технологиясы жоғары, бақылау қатаң. Ал, салынған жолдарда неге жиі-жиі ойық-шұқыр пайда болады десек, жердің тұздылығы, ауа райының ыстығы, жаңбыр әсер етеді. Көп жағдайда асфальтқа су кетіп қалады. Сол кезде жол сапасы бүлінеді.
«Батыс Еуропа -Батыс Қытай» авто дәлізі құрлысына қатысып, білім-білігін аямаған өз ісінің шебері еңбегім елеусіз емес дейді. Осы сәтті аяқталған жоба үшін Автомобиль жолдары комитетінің арнайы төсбелгісімен марапатталған.
Ләззат Еділханқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521