Қазақстанда жұмысшыларды басқа орындарға ауыстыру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
«Экономиканы өнімділігі жоғары секторларға бағыттап баптау тетіктері стратегиялық жоспарлау құжаттарында көрініс тапқан. Өйткені экономиканың сапалы дамуы еңбек өнімділігінің артуына тікелей байланысты», - деп жазады Үкімет басшысы депуттарға берген жауабында.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында дамудың жаңа моделі еңбек өнімділігін арттыру шараларын да қамтитыны айтылған. Осы бағытты іске асыру үшін 10 ұлттық жоба әзірленген.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Соның аясында ауыл шаруашалығында еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 6,2 млн теңге болып, экспорт көлемі 6,6 млрд долларға дейін артады. Оның ішінде қайта өңделген өнімнің үлесі 70% болып, 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің айлығы 2 есе өседі. Бұл 1 млн адамның табысының өсуіне мүмкіндік береді», - делінген Премьер-Министрдің жауабында.