Мемлекет басшысының Жолдауында саяси жүйедегі тепе-теңдік пен тежегіштер механизмі бар, оны жүзеге асыру үшін реформаларды қадам-қадаммен қадап айтты.
Орталық коммуникациялар қызметінде «Саяси реформалар 5.0: сараптамалық көзқарас» дөңгелек үстелі барысында Қазақстандық қоғамдық даму институтының директоры Қазбек Бейгельдинов бұл белгілерге тоқталып өтті.
«Біріншіден, Президент өкілеттігін шектеу. Ол тек қана суперпрезиденттіктен мықты президент, ықпалды Парламент жүйесіне өту ғана емес, сонымен қатар, алдағы уақыттағы саяси жүйеде Президенттер ауысады, жаңасы келеді, соларға дәстүр ретінде болады. Жаңа бір заңнамалық шектеу қойып отыр. Екінші мәселе, Жолдауды күткенде қоғамның сұранысы да, талабы да болды, ол талаптардың 80-90% ескерілді. Жергілікті өзін-өзі басқаруда жергілікті халықтың ең үлкен сыны жергілікті атқарушы билікке, әкімдерге қатысты болды. Маслихаттың жұмысы дұрыс емес, депутаттарды көрмейміз деді. Осыған байланысты Президент өз өкілеттігін шектей отырып, жоғарыда айтқан тепе-теңдік пен тежегіш жүйесін енгізуге алғышарттар жасады. Біріншіден, әкімдер мен әкімдердің орынбасарлары партия филиалының басшысы бола алмайды. Бірақ маслихат төрағасы сайланады. Екіншіден, Президент Жолдауында императивті мандат туралы айтылды, яғни ертеңгі күні депутаттар өздерінің сайлауалды бағдарламасында берген уәделерін орындамаса, онда олардың мандаты қайтарылады, осылайша депутаттарға халық тарапынан, сайлаушылар тарапынан қандай да бір әсер ету механизмі пайда болды. Үшіншісі сайлау үрдісіне байланысты. Президент мажоритарлық жүйені енгізудің үш деңгейін көрсетті. Жоғары деңгейде Мәжіліс үшін 70% пропорционалды, 30% мажоритарлық жүйемен аралас сайлау жүйесі, облыс орталықтары мен республика деңгейіндегі қалалар үшін 50%-дық жүйе болса, 100%-дық мажоритарлық бір мандаттық сайлау жүйесі қала, аудан, ауыл деңгейінде енгізіліп отыр. Мұның да бір үлкен маңызы бар. Жергілікті өзін-өзі басқару болсын, ықпалды Парламент деңгейінде болсын, Президент барлығына да негізгі алғышарттар жасап берді», - деді спикер.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының директоры үш Жолдаудың облыстың пайда болуы туралы бөлігі халық тарапынан ең үлкен қолдау тапқанын атап өтті. Оның пікірінше, мұнда тарихи, мәдени, саяси символизм бар.
ortcom.kz