Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Президент Үкіметке өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуын тексеруді тапсырды

Мемлекет басшысы Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніште болған қайғылы оқиғаға байланысты еңбек қауіпсіздігі саласында қатаң сақталуға тиіс жағдайларға назар аударды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

- Бекітілген талаптардың өрескел бұзылған фактілері бар. Нысандардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесімен жабдықталу деңгейі өте төмен. Компаниялар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға тиісті мөлшерде инвестиция салмайды. Мұның барлығы техногенді апаттарға, жұмысшылардың қаза табуы мен жарақат алуына әкеп соқтырады, - делінген хабарламада. 

Президент қатерлі өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Үкіметке мынадай шаралар қабылдауды тапсырды:

Нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуына қатысты тексеру жүргізу;
Аталған нысандарға заманауи қауіпсіздік жүйесін, соның ішінде газ белгі беру құрылғыларын, сейсмикалық қондырғыларын, позиционирлеу жүйесін және тағы басқа тиісті әдіс-тәсілдерді әзірлеу мен енгізу;
Болжау мен құлақтандырудың автоматтандырылған жүйесін енгізе отырып, нысандарды цифрландыру;
Тексеру қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына түзетулер енгізіп, заманауи өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесіне салынатын инвестиция көлемін ұлғайту жолын қарастыру;
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалау тетіктерін қатаңдату.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмаларын Президент Әкімшілігі ерекше бақылауда ұстайды.

Еске сала кетсек, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам төтенше жағдайда қалған еді.

Көп ұзамай жұмысшылардың барлығы мерт болғаны анықталды.

Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылды.

Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындалады.

Бүгін «Қазақмыс» корпорациясы кеніштегі апат орнында жұмыс істеген авариялық-құтқару бригадалары тау жынысы опырылмағанын анықтағаны туралы мәлімдеді.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT