БУРАБАЙ. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында елдің салық жүйесінде офшорға ұқсайтын ахуал қалыптасқанын сынады.
- Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударғанын атады. - Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған. Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген. Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ құр кінәлаудан іс оңға баспайды. Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек, - деді Президент.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиынның алғашқы күнінде айтылған ұсыныстар туралы мәлімет берген еді. Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық құрылтайдың 4-отырысы аясында Қазақстан тарихының жаңа академиялық басылымын әзірленетінін айтты. 2022 жылы Ұлттық құрылтай алғаш жанданғаннан бері елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды.