Баршаңызды Егеменді ел болуымыздың мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Ордалы отыз жылда «Тәуелсіздік» деген Ұлы ұғым ұлт жадында жаңғырды. Соңғы ғасырларда есеміз кетіп, еңсеміз езілген күрделі кезеңдер тарлан тарих қойнауында қалды. Ата-бабалар аңсаған арман — азаттыққа қол жеткіздік. Ұлық ұлыстарымыз салтанат құрған алтын дәуір Тәуелсіздікпен бірге қайта оралып, тарихи сана сілкінді. Әлбетте, елдіктің отыз жылы оңайшылықпен өткен жоқ. Іргесі берік, бірлігі бекем мемлекет құру үлкен қажыр-қайрат пен күш-қуатты қажет етті. Елбасының “Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын” деген сөзі бар.
Салиқалы саясаттың арқасында Қазақстанды қысқа уақытта қабырғалы елге айналдырды. Тәуелсіздіктің 30 жылы - халқымыздың қуатты мемлекет құру жолындағы құдіретті жасампаздығын танытты. Отыз жылда ордалы мемлекет, қуатты қоғам құрдық. Әлемге елдік пен өрліктің озық үлгісін көрсеттік. Сарабдал саясаттың арқасында халықаралық қауымдастықта қадіріміз артты. Осы жылдар ішінде төрт құбыламызды түгендеп, шекарамызды шегендедік. Талантты жастарға әлемнің озық елдерінде білім алып, болашағының жарқын болуына жағдай жасалды. Еңселі елордамыз Алаш баласының мақтаны ғана емес, жаһан жұртының да келелі кеңес өткізетін құтты мекеніне айналды. Мұның барлығы – Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, отыз жылда тасқа түскен тағылымды тарихымыз. Осы жылдары Атырау облысы да жаңаша дамып, түледі.
Барлық салада игіліктерге қол жеткіздік. Халықтың әл-ауқаты артып, жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуда. Татулық пен бірлікті ту еткен Тәуелсіз еліміздің жетістіктері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары мен бастамалары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен табысты жалғасын табуда. Отыз жылда ордалы елге айналған Қазақстанның мақсаты – айқын, бағдары — анық. Мәңгілік ел болуға көш түзеген мемлекеттің — келешегі кемел, болашағы жарқын. Бар игіліктің бастау-бұлағы — Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!