Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

НҰРЛЫБЕК ОЖАЕВ: «ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТҰҒЫРЛЫ ЕТУ – СІЗ БЕН БІЗГЕ АРТЫЛҒАН АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ»

Бодандық заманын да бастан кешірген Ұлы дала елі үшін азаттық сөзінің мәні аса құнды.

Асқақ арманына балаған тәуелсіздікке қол жеткізген шақта бабалар аманатына адалдық туралы сөз қозғағанымызға да осы себеп болса керек. Елдігіміздің асқаралы асуы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тарихи тұрғыдан бағамдағанда бір-ақ сәт болып көрінуі де мүмкін. Алайда, даңқы дүйім елге жеткен ежелгі қазақ мемлекеті қалыптасқаннан бергі уақыт ішінде талай рет замана теперішін көрсе де, ата-бабаларымыз ертеңгі күнінің жарқын боларына ақ адал ниетімен иланды. Мамыражай күннің туарын сезіп, ұрпағының бодауда болмауы жолында жанын құрбан етті. Сол арман алдамады. Арада талай жылдар жылжып өтіп, дәуірлер алмасқан шақта Қазақ елінің Тәуелсіздік таңы атты. Содан бері үш он жылдық өтті. Уақытты уысыңда ұстап тұра алмасың анық. Керуен көштің соңына ілесу, елді дамыту, сол арқылы тәуелсіздікті тұғырлы ету – сіз бен бізге артылған абыройлы міндет.

Сенім мен рух

Қазақ – рухты халық. Дәтке қуат дарытар ұстанымын бойындағы рухпен астастырғаны да ұлт тұтастығының, айқын мақсатқа жетуінің кепілі болғаны сөзсіз. Егемен еліміз үшін тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарын өткеру оңайға соқпағаны анық. Сан жылдар бойғы кеңестік соқпақтың сеңі бұзылып, тұтас құрылымдық жүйе өзгерді.  Қарапайым тірлік кешу үшін қолайлы жағдайлардың жасалмауы, жалақы жоқ, жұмыс көзі тапшы, сөрелер қаңырап, азық-түліктен тарыққан шақта да халық алдағы күннен күдер үзбеді. Жас мемлекеттің тізгінін ұстап, тағдыршешті таңдаулар жасауға мәжбүр болған, тығырықтан шығар жол іздеген Елбасына сенім артып, соңынан ерді. Оның үстіне әлемдік картадағы орнын айшықтаған, ұланғайыр жері бар елімізге жан-жақтан анталаған жат пейілділердің, аңдысын аңдып, жас мемлекеттің аяқ алысын сырттан бағамдап отырғандар да болғаны ащы ақиқат-ты.

Тұңғыш Президент – Елбасының таяуда ғана жарыққа шыққан «Тәуелсіздік тағылымы» жазбасы – жүректен шыққан, жүректерге жеткен шынайы мақала. Жоғарыда аталған кездегі қиындықтардың бел ортасында жүргендіктен әр тарихи сәтті қаз-қалпында көз алдыңа әкелетінімен де құнды. «Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бір күш-жігерімді аянбай жұмсадым». Міне, бұл – еш қоспасыз, Елбасы еңбегінің шынайы бағасы. Расында да ел басқару, тыңнан түрен салып, тұралап қалған елді қуатты мемлекетке айналдыру, ел игілігіне қажетті заманауи жетістіктерді меңгеріп, қолданысқа енгізу – жазуға ғана оңай бастамалар. Оның астарында талай күн мен түнге ұласқан еселі еңбек жатқаны даусыз.

Тоқсаныншы жылдардағы елдегі ахуалды көзбен көріп қана қоймай, жаңа жүйеге сай жұмыстар жүргізіп, ұйымдастыру саласында еңбек еткендіктен, сол шақта қиындықтарды бір кісідей білемін. Жоқшылық, мардымсыз электр қуаты, ірі қалаларға ғана тиесілі көгілдір отын, сапасыз байланыс. Біз көрген картина осындай. Қазіргінің баласына айтсаң, құдды ертегі тыңдағандай әсерде болатыны шын. Осынау кезеңді артқа тастап, қазіргідей қуаты мол, жетістігі зор елге айналғанымыз – сөзсіз, Тәуелсіздіктің жемісі.  

Бай тарихы, терең тамырлы қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі ұғым, қасиетті құндылық жоқ. Тәуелсіздікті бағалап, оны тұғырлы ету жолында еңбек ету арқылы әр адам егеменді еліміздің дамуына өзіндік үлесін қоса алады. Соны естен шығармасақ екен!

Елбасы мен егемендік – егіз ұғым

Басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені, ұлт көшбасшысының қосқан үлесі орасан. Уақыт көші ілгерілеген сайын тұңғыш Президенттің сіңірген еңбегі айқындала түсетіні де анық. Тұтас ұлтты ертеңгі күнге жетелеп, батыл бастамаларды жүзеге асырғаны, әлемдік деңгейдегі шешімдер шығарғаны ел жадында. Сол бір сәттерде Елбасының көздегені бір-ақ мақсат, бір-ақ мүдде – Қазақ елінің ілгерілеуі.

Ал, алға қарай алшаң басып, еркін қимылдауы үшін әрине халық сенімі қажет. «Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша, 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы тұңғыш президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98 %-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты». Бұл – Елбасының сөзі. Алып-қосары жоқ ақиқат. Халық сенді, ел сенімі ақталды. Сөзге берік, антқа адал халықтың ұрпағы болғандықтан бұл жауапкершіліктің де жеңіл жүк еместігін өзіңіз-ақ бағамдарыңыз хақ.

Осылайша ел сенімінен шығу жолында Ұлт Көшбасшысы талай іргелі істерге ұйытқы болып, ел мүддесі жолындағы еселі еңбегін көз ілеспес жылдамдықпен жүзеге асыра бастады. Мемлекеттік рәміздер бекітіліп, төл теңгеміз айналысқа енді. Қарулы Күштер құрылып, қандастар атажұртқа ат басын бұрды. Шекарамыз бекітіліп, Ата заңымыз қабылданды. Көпұлтты Қазақстанның өзіндік соқпағы қалыптасып, Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды теңдессіз институт құрылды. Ядолық қарудан бас тартқан ел ретінде жаһандық бейбітшілікті қолдаған ұстанымы әлемге тарады. «Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес» дейді Елбасы. Расында да жетістіктерді санап тауыса алмасымыз анық. «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» бағдарламалары әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар тарапынан «Қазақстан жолы» деген жоғары бағаға ие болған, ұлт дамуының даңғыл жолының өзегіне айналған қос стратегия. Әр тарау, тармағында елдік мүддені көздеген құнды құжаттарды іске асыру аясында да іргелі бастамалар сәтті, нәтижелі жобалар жүзеге асты.   

Іргелі істер ұйытқысы - «Nur Otan»

«Осы жылдар ішінде қалыптасқан көппартиялық жүйе елдігіміздің тірегіне айналды. Бұл орайда «Nur Otan» партиясының саяси салмағы басым екені анық». Билеуші партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысындағы сөзінде Елбасы осылай деп атап өтті. Расында да тәуелсіздік жылдары ішінде елдегі партиялық-саяси жүйе біртіндеп, жан-жақты сараланған түрде сатылап дамыды.

Бұл бастама да үлкен дайындықтың нәтижесінде жүзеге асты. «Жүйесіз реформалар халықтың демократияға деген сенімін жоғалтып, түрлі шиеленістер тудырған және территориядан айырған жағдайлар тарихта аз емес. Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан «Nur Otan» партиясы тұрақтылық пен татулыққа, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты дамуға негізделген және тұтас қоғамның мүддесіне сай келетін саясат жүргізуде» деді Ұлт Көшбасшысы.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне айтарлықтай жетістіктермен жеткен ел тарихында Ұлт Көшбасшысы негізін қалаған «Nur Otan» партиясының алар орны бөлек. Сайлаушыларының сөзіне, уәжіне құлақ асатын партия – жасампаз ел жетістіктерінің бастауында тұрған үлкен құрылымның бірі. Сондықтан, Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыратын жарқын жоба-жоспарлар жалғаса берері сөзсіз.

Бұл пікірлердің қорытындысы ретінде: «Алдағы 30 жыл – елдігімізді нығайтудың жаңа кезеңі болары хақ. Ол әр азамат ұлтымыздың болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, оны толық сезіне білген кезде жүзеге асады. Елдің ең ірі саяси партиясы ретінде «Nur Otan» осы бағытта атқарылар істердің алдыңғы шебінде болуы керек. Осындай игі жұмыстың басы-қасында жүру – билеуші партияның ұзақмерзімді көшбасшылығының кепілі» деген Партия лидерінің шынайы бағасы жауапкершілікті күшейте түсті. 

Астана тарихы: ақиқатқа айналған арман

«Біздің еншімізге тарихымызда өз ауқымдылығы мен қиындығы жөнінен бұрын-соңды болып көрмеген жобаны жүзеге асыру – Сарыарқаның төріне, ерке Есілдің бойына ел қондырып, жаңа да әсем елорда салу мәртебесі бұйырды». Елбасының «Тәуелсіздік тағылымында» айрықша аталған тақырыптың тағы бірі – айшықты астанамыз.

Ерекше сәулет құрылыстарымен, жаңа келбетке ие болып, ел сүйсінетін бас қалаға айналған бағаналы орда – басты ордамыздың ажары арайлы, тұрғындарының тірлігі түзу болғаны да егемендіктің ақ таңында қол жеткен жарқын жетістіктің бірі.

Сән-салтанаты келіскен дүниежүзілік шаһарлар деңгейінде тұрған бас қаланың ажары жыл санап айшықтала түсуде. Егеменддіке қол жеткізген алғашқы жылдарда жасалған тарихи таңдау өміршеңдігін, дұрыстығын дәлелдеді. Тәуелсіздік өз таңдау жолын ұсынып, 1997 жылдың 20 қазанынада Президенттің Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Жарлығы шықты. Осылайша, уақыт талабы тәуелсіздік тұғырын Сарыарқаның қақ төріне алып келді.

Жаңа қаланың күн сайын өсіп, сәулеттене түскеніне бәріміз куәміз. Шаһардың қос жағалауы ерке Есілді бойлай, қатар көркейді. Бүгінде еңсесі биік, дүниежүзілік үлгімен салынған зәулім ғимараттар салтанаты көз тартады. Астана тек сәнімен емес, саяси халықаралық, экономикалық мәселелерді шешетін, жоғары діни қауымдастық шараларын, бизнес, медиа форумдар, спорт, мәдениет мерекелерін және жасампаздық пен бірлік рухының туы көтерілген орынға айналды. Өзіне Шығыстың дәстүрлері мен заманауи Батыстың ұмтылысын үйлестіретін Елорда – мегаполистердің тұрақты дамуының әлемдік трендтеріне бейімделген, тез және тиімді дамушы инновациялар мен смарт-технологиялар қаласы. Бұл орасан жетістіктердің бәріне біз тәуелсіздік арқылы жеттік. Сондықтан, Нұр-Сұлтан қаласын Тәуелсіздіктің ақ таңымен жеткен басты жетістігіміздің бірі деп айтудың үлкен мәні бар.

Уақыттан оза шапқан бүгінгі астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі. Өзге өңірлер үшін өз болмысымен-ақ мотиватор болып отырған Елорданың ертеңі қазіргіден де жарқын, келісті, перспективалы бола бермек. Менің арманымдағы болашақ бас қала – әлемдік мақсаттарға ұмтылған, қарыстап емес қарыштап дамыған алпауытша алшаң баса бермек.

Естен кетпес кездесулер

Көңіл түкпірінде жатталып қалатын, жадыдан өшпейтін жарқын кездесулер әр адамның да басынан өтері сөзсіз. Қызмет бабында Елбасының Атырау облысына бірнеше сапарына куә болып, талай мәрте кездестік. Ұйымдастырушылық жұмыстардың басы-қасында жүріп, ауқымды істер атқарылғанын көрдік.

Соның бірі – 2014 жылы 30 қыркүйек күні Елбасы Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының жалпы отырысына қатысуы. Шара көмірсутек саласында, соның ішінде мұнай және газ өндірісінде инновациялық технологиялар қолдану мәселесіне арналды. Форум отырысында сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев мұнай қоры бойынша әлемде 12-орынды иеленетін, газ қоры жөнінен алғашқы жиырмалықтағы елдердің қатарына кіретін мұнай-газ өнеркәсібінің Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығын атап, еліміз үшін көмірсутек секторының дамуын айқындайтын заманауи үрдістердің өзектілігін айтты.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің көмірсутек саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтып: «Бұл – терең және шектен тыс терең бұрғылаудың озық технологияларын өндіру мен сынау, ол біз үшін Каспий маңы ойпатында өзекті. Қазақстанның компаниялары ресейліктермен бірге өз өндірісінің жоғары технологиялық жабдықтарын ұсына алар еді» деген еді. Өз кезегінде Ресей Президенті өңіраралық ынтымақтастық форумы Қазақстан мен Ресейдің арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды дамытудың маңызды құралына айналғанын айтып, екі елдің шекаралық ынтымақтастығының деңгейін де жоғары бағалады.

Жалпы отырыс барысында Ресей тарапынан – энергетика министрі А.Новак, Орынбор облысының губернаторы Ю.Берг, Башқұртстан Республикасының президенті Р.Хамитов, Қазақстан тарапынан – энергетика министрі В.Школьник, Атырау облысының сол кездегі әкімі Б.Ізмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетов баяндама жасап, бірнеше уағдаластыққа қол жеткізді. Алқалы шараға дайындық жұмыстарының басы-қасында жүргендіктен, шараның өз деңгейінде өтуіне жауаптылардың бірі болғаным анық.

Алқалы форумнан бір күн бұрын Елбасы Астрахан қаласынан ұшып келді. Осы  Астрахан кездесуінде 5 мемлекет арасындағы Каспий теңізіне қатысты өзекті мәселелер сараланып, еліміз үшін тиімді мәмілеге келгені – күрмеуі шешілмей жүрген, көптен қүткен тарихи сәт болатын. Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлымен бірге, Атырау қаласының әкімі ретінде, әуежайдан күтіп алдық. Елге, ұлтқа деген жанашырлығының көрінісіндей, ертеңгі жауапты жиынның жоғары деңгейдегі маңыздылығына қарай дайындық жұмыстарын өз көзімен көруді жөн санады.

Атырау өңірінің жағдайын сұрасқан соң, басты обьектіге дереу жеттік. Барлық жұмыстарға ризашылығын білдіріп, ертеңгі күнге сәттілік тіледі. Ал, ертеңіне XI форум аяқталған соң, Елбасыны шығарып салуға облыс әкімімен бірге тағы да әуежайға аттандық. Бақтықожа Салахатдинұлы сөз арасында менің еңбек жолымды Қарағандыдан бастағанымды, мемлекеттік органдардағы азды-көпті жұмыстарымды айтты. Әңгімеміз жарасып, жарты сағатқа жуық сөйлестік. Дәл сол шақта шынымды айтайын, қарсы алдымда ел Президенті емес, ақылман, жол бастаушы ағам тұрғандай күй кештім. Ашық-жарқын кездесуде қала дамуының дұрыс бағытта келе жатқанын жеткізді. Қоштасарда қолымды қысып, бүгінгі шараның жоғары деңгейде өткенін тағы бір мәрте айтты.

Осы кездесуден кейін Атырау қаласына бірнеше қалалардың басшылары келіп, тәжірибе алмасу мақсатында арнайы іссапарлар ұйымдастырылды. Сол бір, екі жылда жауын-шашынмен қоса жерасты су деңгейінің көтерілуінен Атырау қаласында екі мыңға жуық тұрғын үйлер суға кетіп, баспанасыз қалған халықты қолдау, демеушілер тарту арқылы бастамалар сәтті үйлесіп, үйсіз қалғандар түрлі тетіктермен баспаналармен қамтылды.

«Халықтан кім асырып айтқан?! «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние» бір орнында тұрмайтыны белгілі. Тәуелсіздік мәңгілік! Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. «Мәңгілік ел» идеясының түпкі мақсаты осында Ел мүддесіне сай еңбегіміз еселеніп, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!  

 

 

Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлы,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT