Қазақ мұнайының даму тарихы – ел экономикасының алтын арқауы. Ал, қарапайым жұмысшыларсыз қай қай саланың да күні қараң. Соны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы жылды «Жұмысшылар жылы» деп атап, аталған мамандардың мерейін өсіріп қойды.
Бұл саланың өркендеуіне өз үлесін қосқан жандардың бірі – өмірінің 40 жылға жуық уақытын мұнай өндірісіне арнаған ардагер Қойшекен Мырзабаев. Қойшекең 1952 жылы Гурьев қаласындағы ФЗО №6 мектебіне оқуға түсіп, құрылыс саласында алғашқы еңбек жолын бастады. Болашақ маман ретінде жасындай жарқырап, Химпоселкада мектеп құрылысына атсалысты. Кейін Құлсарыға ауысып, жаңа аудан орталығын қалыптастыру жұмыстарына белсене қатысты. 1955 жылы әскер қатарына шақырылып, кіші командирлер мектебін тәмамдап, кіші сержант атанды. 3 жылдан астам уақыт бойы әскери борышын абыроймен атқарып, жас сарбаздарды тәрбиелеу ісіне де араласты. 1958 жылы туған жеріне оралып, Қаратон, Терең-Өзек, Прорва мұнай кен орындарында оператор болып еселі еңбек етті. Жұмыс пен білімді қатар алып жүрген азамат кешкі техникумды аяқтап, партия ұйымының мүшелігіне өтті.
Еңбексүйгіштігі мен біліктілігінің арқасында 1974 жылы «Ембімұнайгаз» бірлестігінің УПТОиКО мекемесіне директордың орынбасары қызметіне тағайындалды. 20 жылға жуық уақыт осы салада табанды еңбек етіп, өзінің біліктілігі мен білгірлігін паш етті. Теңіз кен орнында бұрғылау жұмыстары басталғанда, ол бұрғылау басқармаларын цемент, химреагенттер және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуді ұйымдастырды. Уақыт өте келе өндіріс орындары қайта құрылымдалып, басқармалар Атырауға көшірілгеннен кейін құрметті еңбек демалысына шықты. Өмірлік серігі Маржан Ғалиева аудандық аурухананың бас бухгалтері болып қызмет етті. Ерлі-зайыптылар жеті бала тәрбиелеп, бақытты балалық шақ сыйлап, артынан ерген ізбасарларына өзінің жүріп өткен еңбек жолы арқылы үлгі болды. Ұрпақтарына адалдық пен еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсетті. Саналы ғұмырын мұнай саласына арнаған азаматтың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол Атырау мұнай бірлестігі тарапынан «Қазақстан мұнайының 125 жылдығы» медалімен және «Ардагер» төсбелгісімен марапатталды. Бүгінде оның өнегелі өмірі – кейінгі ұрпаққа үлгі. Қазақ мұнайының қара шаңырағында қалдырған ізі ешқашан өшпек емес!
Е.АЛТАЙҰЛЫ