Кеше түнде Миялы ауылының ПМК ықшам ауданында көлік өртенді.
Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау майоры Ақнұржан Ақжігітов хабарлады. Оның айтуынша 26 ақпан күні түнгі сағат 22:56-да аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінің «101» пультіне жергілікті тұрғыннан қоңырау түскен.
Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер көлікжайдың ішінде автокөлік өртеніп жатқанын көріп, жедел түрде іске кірісіп, тез арада өртті ауыздықтады. Бір қуанарлығы – өрттен зардап шеккендер жоқ. Көлік иесінің берген түсініктемесінде дәнекерлеру жұмысын жасап болғаннан кейін, өрт көліктен тұтанып, артынша көлікжайды түгел шарпыған.
Нәтижесінде «Daewoo Neхіа» көлігі жанып кетті. Осы орайда, бұл соңғы он күнде орын алып отырған екінші оқиға екенін айта кетейік. Бұған дейін Миялы ауылындағы Т. Қарабаллин көшесіндегі тұрғын үй ауласында «УАЗ» көлігі өртенген болатын.
Дулат БЕРІК