ҚР Президенттігіне Кандидат Мейрам Қажыкен Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде болды.
Мұнда жоғары оқу орыны студенттерімен және оқытушыларымен кездесу өткізді.
Білім алушылар кандидатқа шынайы қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, белсенділік танытты. Олар білім беру, мәдениетті дамыту, саясат пен қатар экономика мен ұлттық қауіпсіздік тақырыптарын да көтерді.
М. Қажыкен оңтүстік облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін, сондай-ақ елдің қорғаныс қабілетін арттыру үшін әскери және азаматтық техника өндірісі жолға қойылған қуатты әскери-өнеркәсіптік кешен құру қажет екенін атап өтті.
Жастармен кездесуде кандидат "Тараз бен Шымкент арасында Түлкібас кенті бар. Онда сіз үлкен технологиялық кластер жасай аласыз. Біз қазір халықаралық жағдайдың қандай екенін көреміз: Ресей мен Украина арасындағы соғыс, оңтүстіктегі көршілер бәрі тыныш емес. Біз өз тыныштығымызды қорғай білуіміз керек. Қаруымызды жасайтын уақыты келді. Мұны Түлкібаста жасауға болады. Ол үшін өндіріс дамуы керек. Тараз бен Шымкентте химиялық, темірбетон және металл өнімдерін өндіретін кәсіпорындар бар. Кластердің арқасында жұмыс орындары табылады. Егер сіз жақсы заманауи кластерді аша алсаңыз, онда қару-жарақ заманауи болады. Менің ойымша – болашақта осындай өндірісті құру керек", - деді.
М.Қажыкен айтуынша, бұл кластерде, химия, биология, физика, инженерия пәндерін оқитын студенттер жұмыс істей алар еді. Өйткені бұл бағыттардың барлығы өнеркәсіптік-технологиялық кластердің ашылуы мен жұмыс істеуі үшін қажет.
Үміткер жиында жас ұрпаққа, олардың күшіне және қалыптасқан әлемді өзгертуге деген сенімін білдірді.
"Жастар барлық уақытта ересектерден ерекшеленді. Сіздер бізден өзгешесіздер. Сіздерде ашық көзқарас бар, сіздерде қорқыныш жоқ. Бұл жолдан таймаңыздар. Әлемге ашық болыңыздар, жасырынбаңыздар. Болашақта сіздер де жастарды оқытып, оларға білім мен тәжірибе бересіздер", - деді Мейрам Қажыкен.
Үміткер өзінің саяси бағдарламасында жастарға үлкен басымдық жасайды. Оның айтуынша, қазір жастар үшін қоғамның барлық салаларында қажетті жағдайлар жасау қажет.
Кандидат кездесуде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді арттыру, медицина сапасын жақсарту мәселелерін де айналып өтпеді.