Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МЕН ТАҢДАҒАН МАМАНДЫҚ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОП ТИМИЗМ» АТТЫ ЖОЛДАУЫНДА: «БІЗ ЖҰМЫСШЫ МАМАН- ДЫҚТАРЫН ДӘРІПТЕУ АРҚЫ ЛЫ ҚОҒАМДА ЕҢБЕКҚОР ЖӘНЕ НАҒЫЗ МАМАН БОЛУ ИДЕЯСЫН НАСИХАТТАЙМЫЗ. БҰЛ «АДАЛ АЗАМАТ – АДАЛ ЕҢБЕК – АДАЛ ТАБЫС» ҚАҒИДАТЫНА ТОЛЫҚ САЙ КЕЛЕДІ. ҚОҒАМ ДА ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ, КӘСІБИЛІК СИЯҚТЫ ҚАСИЕТТЕР ӨТЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНУҒА ТИІС. ӨЗ КӘСІБІН ЖЕТІК МЕҢГЕРГЕН МАМАНДАР ҰЛТ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ. ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ КЕЗ КЕЛГЕН ЕҢБЕК ҚАДІРЛІ. ЕҢ БАСТЫСЫ, ӘРКІМ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТЕРЕҢ СЕЗІНІП, ӨЗ МІНДЕТІН САПАЛЫ АТҚАРУҒА ТИІС. СОНДА ҒАНА ЕЛІМІЗ ДАМУДЫҢ САРА ЖОЛЫНА ТҮСЕДІ» ДЕП АТАП КӨРСЕТКЕНІНДЕЙ, БҮГІНДЕ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ КЕҢ ӨРІС АЛДЫ.

Қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы құрмет көрсету – өте құптарлық үдеріс. Бұл орайда елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, оларда оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың алуандануына баса көңіл аударылып отыр.

Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды мәселе. Өзінің қызығушылығына, қабілетіне қарай мамандық таңдаған жан өзіне де, қоғамға да үлкен пайда әкеледі. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда мамандық таңдаудан шатасып жүрген жастар көп. Соның салдарынан қаншама жас өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрсе, қаншамасы бітірген мамандығымен жұмыс істей алмайды. Сондықтан жастарды өздерінің қабілетіне қарай және сұранысқа ие мамандықтарды таңдауына жастайынан дұрыс бағдарлап отыру қажеттігі туындауда. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қолыңнан іс келсе, қарның тоқ, келешегің жарқын болмақ. Ал, қолыңнан ештеңе келмесе, ешкімге өкпелеудің керегі жоқ. Сондықтан да бүгінгі күні баланы жастайынан кәсіпке баулудың маңызы зор. Қазірде қолында кәсіптік білім алғанын растайтын дипломы болғанымен, жұмыссызжүргендер көп. Жасырып несі бар, кәсіптік білім беретін колледжге баруға намыстанатындар да қылаң береді. Ата- аналар да баланың кәсіптік білім алсам деген талпынысын қолдай бермейді. Балаларға мектепте, отбасында дұрыс бағыт-бағдар бермеген соң қайда барарын, кім боларын білмей жүрген жастар жетерлік. Оларға жұмысшы болу болашақтың мамандығы екенін түсіндіру керек. Бұл ортақ шаруаға үйде ата-ана, мектепте мұғалімдер араласуы қажет. Сонда ғана келешекте «жұмыс- шы мәртебесін қалай арттырамыз» деген сауалға нақты жауап аламыз.

Осы орайда, аудандағы кәсіптік білім беретін бірден-бір орын – Құрманғазы аграрлы-техникалық техникалық колледжінде болып, оның студенттерімен «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізген болатынбыз. Пікірталасқа қатысқандар көтерілген мәселеге орай өз ойларын ортаға салып, оқып жатқан мамандықтарының ерекшеліктері мен жетістіктері, қызығушылықтары жайлы әңгімеледі.

Әсем Орынбекқызы, «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының үшінші курс студенті:

– «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен Астана қаласындағы « World Skills Kazakhstan-2024 » чемпионатына «Кондитер ісі» бағыты бойынша қатысып қайттым. Бұл сайыстан мен ерекше әсер алдым, өйткені онда өз шеберлігімді сынауға, жаңа тәжірибе жинақтап, өзімді кәсіби тұрғыда дамуыма үлкен мүмкіндік алдым. Кондитерлік өнер – менің бала кезден қызығушылық танытып келе жатқан салам. Дәмді әрі әдемі тағамдар әзірлеу мен үшін тек кәсіп қана емес, үлкен шабыт көзі десем орынды шығар. Осы бағытта өзімді дамыту үшін колледждің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығына оқуға түстім және бұл таңдауым дұрыс болды деп ойлаймын. Мұндағы тәжірибелі оқытушылардың, білікті өндірістік оқыту шеберлерінің жүргізген дәрістерінен тәлімалып, заманауи кондитерлік технологияларды меңгердім. Дәріс тек теорияға негізделіп берілмей, тәжірибелік сабақтарға да ерекше көңіл бөлінеді. Дайындалатын өнімнің сапасы мен эстетикасына мән беру сияқты маңызды дағдылар жетілдіріліп отырылады. Астанадағы чемпионат мен үшін үлкен тәжірибе болды. Біріншіден, мен өзімнің кәсіби деңгейімді тексеріп, жаңа технологиялармен таныстым. Екіншіден, түрлі өңірлерден келген дарынды жастармен тәжірибе алмасып, білімімді толықтырдым.

Дарья Саурбай, «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығының бірінші курс студенті:

- Біздің колледждегі сабағымыз мамандығымызға сай түрлі цифрлық технологияларды пайдалану арқылы өткізіледі. Сонымен қатар, сабақта интерактивті тапсырмаларды орындауда және курстық жұмыстар мен презентациялар жасауда жасанды интеллектіні де қолданамыз. Ол арқылы біз өзіміздің жазба жұмыстарымызды тексеріп, тест нәтижесін бағалай аламыз. Мен таңдаған ІТ саласы бүгінде тұрақты дамып келе жатыр. Техникалық мамандарға деген сұраныс артып келеді. Түрлі-түрлі салалардың барлығында жұмыстар компьютермен атқарылады, оларды іске қосып жұмыс істететін, жобалайтын осы техникмамандар. Оған орналасу үшін білім мен біліктілік қажет екені сөзсіз. Демек, осы бастан оның қыр-сырын жете меңгеріп алғанымыз абзал. Мен осы мамандығымның маңыздылығын бас қалада өткен «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған форумға қатысқанда анық байқадым.

Айбек Мұратов, «Электр жабдықтары» мамандығы бойынша екінші курс студенті:

– Еліміздің қай саласында болса да электрші мамандығы тапшы және құрметті мамандық болып есептеледі. Мен осы мамандықты таңдап, елімнің көркеюіне өз үлесімді қосқым келді. Ұстаздарымыз бізге болашақ кәсібімізге сай сол мамандықтың қыр- сырын үйретуде. Біздің колледжде тек теориямен дәріс беріп қоймай, дуальды оқыту да қарастырылған. Соның арқасында неше түрлі мекемелерге барып кәсіптік тәжірибеден өтіп жатырмыз. Жақында ғана Астана қаласында ұйымдастырылған форумда «Жұмысшылар қалашығын» өз көзіммен көріп жақсы әсер алдым. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен жұмысшы мамандықтарына оқып жатқан өзім қарайлас жастар жиналды. Қалашықта түрлі мамандыққа сәйкес көрме ұйымдастырылып, біздің жан-жақты дамуымызға жағдай жасалғандығына риза болдым. Қазіргі уақытта «World Skills Atyrau – 2025» өңірлік чемпионатына қатысуға дайындалып жатырмын. Теория мен практиканы ұштастырып, біздің осы мүмкіндіктерді көруімізге жағдай жасап отырған колледж әкімшілігіне, ұстаздарыма алғысымды айтамын. Мен өз мамандығымды жақсы көремін.

Нұрдәулет Бекбол, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығының екінші курс студенті:

– Мен таңдаған мамандығымды заманауи қажет мамандықтардың бірі деп білемін. Колледжде біз көліктің әр бөлшегімен, оның жұмыс жасау реттілігімен теориялық танысып болған соң, мекемелергеарып білімімізді практикамен ұштастырамыз. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай мен колледждің бір топ студентімен бірге Астана қаласында ұйымдастырылған «Жұмысшы қалашығы» көрмесіне қатыстым. Ол жерде менің алған әсерім күшті болды. Себебі, ауылдық жердің біз сияқты қарапайым баласы Елордаға барып, республика бойынша ұйымдастырылған шараға қатысып өз көзімізбен көріп қайту үлкен құрмет деп білемін. Ол жерде мен автомобиль көлігіне негізгі техникалық қызметтерді көрсетіп жатқандармен бірге виртуалды көзілдірік арқылы көліктің доңғалағын ауыстырып көрдім. Осылайша, мамандықтарымыз жайында өзекті тақырыптар қозғап, тәжірибе алмасудан керемет әсер алдым десем де болады.

Бибарыс Амангелді, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығының студенті:

– Бұл мамандыққа өз қалауым бойынша таңдап түстім. Өйткені, ауылда өскендіктен бұл салада еңбек ету маған қызықты көрінді. Қазіргі уақытта көп жұмыстар техниканың көмегімен атқарылады, сондықтан онық тілін білу маңызды. Оларды басқаруды колледжіміздегі автотренажерлерда машықтанып, сырттағы өндірістік алаңда іс жүзінде жүргізіп үйренеміз. Жалпы, жермен, малмен шұғылдану – табыстың көзі. Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген даналық сөзінің астарында көп нәрсе жатыр. Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы қарапайым еңбеккерлердің мәртебесін көтеріп тастады. Бұл бастама жастарды жұмысшы мамандықтар бойынша оқытуға, техникалық және кәсіптік білімді дамытуға, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға да бағытталып отыр. Осының негізінде кәсіптік білім беру мекемелерінің жұмысын жақсарту және жастарды қазіргі заманға сай мамандықтарға тарту мақсаты көзделді. Кәсіптік білім ордасын бітіргеннен кейін солардың қатарын толықтыратынымды мақтаныш көремін.

ТҮЙІН

Иә, еңбек нарығын жұмысшы мамандықтарсыз елестету тіпті де мүмкін емес. Сол себепті оларды жастар арасында танымал ету – басты міндет. Егер дұрыс насихаттық жұмыс жүргізілсе, бұл салаға деген көзқарас өзгерері анық. Ерінбей еңбек еткен адам ғана толағай жетістіктерге жетеді. Елімізде кәсіби білім берудегі жүзеге асырылып жатқан қыруар істердің бәрі жастардың болашағы үшін жасалуда. Алайда кейінгі жылдары кәсіптік және техникалық мамандықтарға бет бұратын жастар қатары санаулы. Қазіргі жастардың басым бөлігі кеңседе отырғанды жақсы көреді. Бірақ елімізге сол жастар «менсіне бермейтін» мамандық иелері аса қажет болып тұр, оларға сұраныс көп. Бүгінгі колледж студенттерімен өткізілген «дөңгелек үстел» де осы мақсатты көздеді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT