Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Mемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті

Бүгін облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлының төрағалығымен өткен комиссия отырысында мемлекеттік стандартқа сай емес қойылған рәміздерге жүргізілген мониторингтің нәтижесі талқыланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Жиында Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнүр Сүйеуова мониторинг қорытындысы туралы айтты. - 238 мекемедегі мемлекеттік рәміздердің заңнамаға сәйкес пайдаланылуы бойынша Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы аудандары және Атырау қаласында мониторинг жүргізілді.

Нәтижесінде стандартқа сай келмейтін 68 рәміз анықталды. Жыл басынан бастап облыста нышандарды кеңінен насихаттайтын 50 мыңға жуық адамды қамтыған 200-ден астам іс-шара өтті,- деді Г. Сүйеуова. Комиссия отырысында аппарат басшысы бұл мәселе күн тәртібінен түспейтінін айтып, нышандарға немқұрайлылық танытқан азаматтарға әкімшілік жаза қолданылатынын ескертті. - Мұндай салғырттықтың алдын алуымыз керек. Өйткені, рәміздеріміз мемлекетіміздің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы және әрбір адамның өз еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Мемлекеттік рәміздеріміздің құндылықтарын арттыру мақсатында, аймақтағы мемлекеттік Тудың санын көбейтуді ұсынамын. Бұл тұрғыда шағын кәсіпкерлік субъектілерден бастап, ірі кәсіпорын иелері де қолдау білдіруі тиіс. Мұндай қадам шет ел практикасында оң нәтиже беріп жүр. Бұл жастардың патриоттық сезімін оятып, отансүйгіштікке шақырады деп сенемін,- деді Н. Жеңісбекұлы.

Анықтама үшін, өңірде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері жөніндегі облыстық, қалалық және 7 аудандық, барлығы 9 комиссия жұмыс істейді, ал мекемелерде 1371 мемлекеттік Ту, 2835 мемлекеттік Елтаңба және 458 мемлекеттік Гимн бейнеленген стенд орналасқан.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT